Ақтауда Есен Күмісқалиге ескерткіш тақта орнатылды
Ақтауда қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, мұнай-газ саласының ардагері Есен Күмісқалидың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Салтанатты шараға қоғам қайраткерлері, ардагерлер, туыстары мен әкімдік өкілдері қатысты.
Сондай-ақ 8–9 қараша күндері Ақтау қаласында волейболдан ардагерлер арасында Есен Күмісқали атындағы республикалық ашық турнир өтіп жатыр. Аталған додаға Астана қаласынан, Ақтөбе облысы (Хромтау қаласы), Атырау облысы және Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарынан командалар қатысуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир — Есен Күмісқалидың ел үшін сіңірген еңбегіне тағзым, жас ұрпаққа үлгі боларлық игі бастама болмақ.
Есен Күмісқали — Қазақстан Республикасының "Парасат", "Құрмет" ордендері мен КСРО-ның "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері. Ол Маңғыстау өңірінің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде ел есінде қалды.