Otpan News Logo

Ақтауда «Ақ тілекпен, балапан жүрекпен» атты қайырымдылық кеші өтті

|
26.04.2026 11:00
Ақтауда «Ақ тілекпен, балапан жүрекпен» атты қайырымдылық кеші өтті

Ақтау қаласында «Ақ тілекпен, балапан жүрекпен» атты «Әнші балапан» балалар шығармашылығын дамыту қорының ұйымдастыруымен, Impro Music инструменталдық тобының қатысуымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық кеші өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.


Іс-шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова, өңірлік мәдениет басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі талантты балалар, ата-аналар және көрермендер қатысты.


Қайырымдылық кеші «Әнші балапан» республикалық қорының Ақтау қалалық филиалының құрылғанына 20 жыл, ал республика көлемінде 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жас өнерпаздар отбасы мүшелерімен бірге түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.


Мерекелік іс-шараға қатысқан ата-аналардың бірі Зиза Мунадбаева мұндай кештердің жас өнерпаздардың шығармашылық тұрғыда дамуына зор мүмкіндік беретінін айтты.


-Менің балаларым да «Әнші балапан» балалар шығармашылығын дамыту қорында өнер көрсетіп, түрлі республикалық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. Бұл жетістіктердің барлығы Арзу Изембаеваның еңбегінің нәтижесі. Мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор. Шығармашылықпен айналысатын әрбір жас үшін бұл – тұлға болып қалыптасуға үлкен мүмкіндік. Қор осындай кештерді жиі ұйымдастырып келеді, біз соның куәсіміз. Балалардың ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетуі – олардың мәдени бағытта дамуына жол ашады. Біз бұған өте қуаныштымыз, - деді Зиза Мунадбаева.


Айта кетейік, «Әнші балапан» қорының республикалық деңгейдегі кешінде министрлік тарапынан марапатталатын іс-шараға Ақтау қалалық филиалынан 20-ға жуық жас өнерпаз қатысады деп күтілуде.

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!