Маңғыстауда ерекше балаларды қолдауға бағытталған «BirgeQadam: BirgeDamu» жобасы басталды
Маңғыстау өңірінде қоғамның әлеуметтік тұтастығы мен мейірімділігін көрсететін жаңа бастама – «BirgeQadam: BirgeDamu» волонтерлік жобасы ресми түрде іске қосылды. Үш бірдей оқу орны мен үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктірген бұл жоба ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарына кешенді көмек көрсетуді көздейді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жобаның негізгі фокусы – аутизм спектрі бұзылыстары (РАС) және сөйлеу тілі дамуы тежелген балаларға қолдау көрсету. Бастама аясында өңірлік деңгейдегі көпсалалы сүйемелдеу моделін қалыптастыру жоспарланған. Бұл тек психологиялық көмек қана емес, сонымен қатар балаларға арналған арнайы диеталық тағамдар дайындау, кәсіби медициналық кеңес пен көмек көрсету және отбасыларға әлеуметтік-психологиялық демеу беру бағыттарын қамтиды.
“Жобаның бірегейлігі – оның еріктілік негізінде құрылуында. Бүгінде үш оқу орнының тәжірибелі оқытушылары өз білімдері мен уақытын волонтер ретінде тегін ұсынуда. Сондай-ақ игі іске 20-ға жуық студент-еріктілерді тарту көзделген, бұл жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға септігін тигізбек. Кешенді жұмыстың сапалы жүзеге асуына білікті мамандар жетекшілік етеді. Атап айтқанда, «Зере» КЕҮҰ басшысы 1Якубова Даметкен Курмангалиевна, Маңғыстау туризм колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кушанова Гүлнұр Джексембаевна, Мұрын жырау Сенгірбекұлы атындағы жоғары педагогикалық колледжінің өкілі Асканбаева Жанат Ерғалиевна және Маңғыстау облыстық жоғары медициналық колледжі басшысының практика жұмысы жөніндегі орынбасары Сатыбалдиева Гүлсім Ишанғалиевна”,-дейді жоба ұйымдастырушылары.