Otpan News Logo

Ақтауда «WRO-2026» робототехника байқауының аймақтық кезеңі өтуде

|
24.04.2026 14:36
Ақтауда «WRO-2026» робототехника байқауының аймақтық кезеңі өтуде

Бүгін, 24 сәуір күні, Ақтау қаласында «WRO-2026» робототехника байқауының аймақтық кезеңі өтуде. Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтіп жатқан ауқымды шараға облыстағы жалпы білім беру және жекеменшік мектептерден 104 команда қатысуда, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Дәстүрлі робототехника сайысы биыл сегіз секция бойынша ұйымдастырылған. 2026 жылғы маусымның тақырыбы - Robots Meet Culture (Роботтар және мәдениет). Байқау барысында қатысушылар өз жобаларын таныстырып, роботтарды құрастыру, бағдарламалау және күрделі тапсырмаларды орындау бойынша бақ сынайды.


Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің NISLAB зертханасының жетекшісі Қазбек Қалиевтің айтуынша, биыл қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.


-Осы жарысқа 104 команда тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда қатысушылар саны айтарлықтай өсті. Жарыстың өткізілу жүйесі үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңде жиналған ең жоғары балл есепке алынады. Соның негізінде командалардың жалпы ұпайы шығарылып, жеңімпаздар анықталады. Жарыс бір күнге жоспарланған. Әр бағыт пен секция бойынша жас санаттары қарастырылған. Яғни, мұнда кіші, орта және үлкен топтар бар. Жалпы, байқауға 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар қатыса алады, - деді Қазбек Қалиев.


Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алады. Ал республикалық кезеңнің жеңімпаздары ұлттық құрама құрамына еніп, биыл желтоқсан айында АҚШ-тың Пуэрто-Рико қаласында өтетін халықаралық кезеңде ел намысын қорғайды.


Айта кетейік, NIS Robotics «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы атынан 2014 жылдан бері Қазақстанда World Robot Olympiad ережелері бойынша олимпиадалардың ұлттық ұйымдастырушысы болып келеді. Ұйым жыл сайын аймақтық және республикалық іріктеу кезеңдерін өткізеді.

67
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!