Жылына 24 кітап: Ақтауда «Жалқау оқырмандар» клубы жұмыс істейді
Ақтауда кітапты тек оқып қана қоймай, оның мәнін түсінуге, талқылауға және әдебиеттен өз өмірлік сұрақтарына жауап табуға мүмкіндік беретін жаңа кітап клубы ашылды. «Жалқау оқырмандар» (Ленивые читатели) қозғалысы Қазақстан мен одан тыс елдерде 1700-ден астам оқырманның басын қосты. Енді бұл қауымдастыққа Ақтау қаласы да қосылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Осыдан алты жыл бұрын Қазақстанда «Жалқау оқырмандар» деген ерекше атаумен кітап клубы ашылған еді. Бүгінде бұл жай ғана әдебиет сүйер қауымның шағын тобы емес, 1700-ден астам қатысушысы бар халықаралық қауымдастыққа айналды. Кездесулер Қазақстанның бірнеше қаласында және Түркияда өтіп тұрады. Енді мұндай топ Ақтауда да бар. Клубтың атауы алғашында езу тартқызғанымен, оның артында үлкен мән жатыр.
«Жалқау оқырмандар» атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. Ол «Жалқаулық – прогрестің қозғаушы күші» деген белгілі сөзді айшықтайды. Біз тіпті өзін кітап оқуға мәжбүрлеуі қиын адамға да кітапты сүюге көмектесуге болатынын көрсеткіміз келді. Бала кезден қолынан кітап түспейтін оқырман болу шарт емес. Кейде дұрыс орта қалыптастырып, қызықты шығарма мен онымен бөліскің келетін пікірлестер табу жеткілікті», – деп түсіндіреді клубтың негізін қалаушы Мадина Сәдуақасова.
Алғашқы клуб 2020 жылдың 14 маусымында Астанада ашылды. Бұдан соң 2021 жылы Алматы мен Қарағандыда, 2022 жылы Таразда, 2024 жылы Қостанайда, 2025 жылы Павлодарда ұйымдастырылды. Ал 2026 жылы жобаға Шымкент пен Ақтау қосылды. Ақтаудағы топ әзірге шағын – онда 15 адамға дейін қатысады деп жоспарланып отыр. Қатысушылар алғашқы жанр ретінде детективті таңдады.
Ұйымдастырушылар клубтың басты мақсаты «кітап клубының мүшесімін» деп құр аты үшін қатысу емес дейді.
«Шындығында, қазір кітап клубтары соншалықты өзекті емес болып барады. Адамдар тіркеліп алып, барлығына кітап клубына қатысып жүргенін айтуы мүмкін. Бұл жерде бастысы – адам кітапты соңына дейін оқыды ма? Ұқты ма? Оқығанын саралай алды ма? Міне, маңыздысы осы. Кездесуден кейін оның оқыған дүниесіне басқаша қарап, тұрақты оқу әдетін қалыптастырғаны біз үшін әлдеқайда бағалы», – дейді Мадина Сәдуақасова.
Клуб қатысушыларының басым бөлігі – 30-35 жастан асқан ерлер мен әйелдер. Көбінің отбасы, жұмысы, балалары және тығыз жұмыс кестесі бар. Кейбіреулер үшін кітап оқу бұрыннан келе жатқан әдет болса, енді біреулері соңғы рет мектепте оқығанын жасырмайды.
«Біреулер бала кезінен оқып, сүйікті шығармаларын талқылау үшін келеді. Ал енді біреулері мектептен бері қолына кітап ұстамағанын мойындайды. Мұнда қатысушылардың әр санатымен түрліше жұмыс істейміз. Біреуге кітапқа қайта оралуға көмектесу керек болса, екіншісіне кітаптан тек сюжетті емес, одан да тереңірек дүниені көруді үйрету қажет. Егер қатысушы шығарманы оқып, бірақ автордың неліктен оны белгілі бір тарихи кезеңде жазғанын, ондағы жасырын мәндерді түсінбей жатса, біз оны міндетті түрде талдаймыз. Тақырыпты тереңірек түсінуге көмектесетін подкасттармен, қосымша материалдармен бөлісіп, әдебиеттер ұсынамыз», – дейді клуб негізін қалаушы.
Жыл ішінде қатысушылар 24 кітап оқып шығады. Кездесулер екі аптада бір рет өтеді және әр ай белгілі бір жанрға арналады. Қатысушылар кураторға екі кітаптан ұсынады, содан кейін жалпы тізім Telegram-чатта дауыс беруге қойылады. Нәтижесінде ең көп дауыс жинаған екі шығарма таңдалады. Бағдарламада романдар, фантастика мен фэнтези, утопия мен антиутопия, детективтер, отандық әдебиет бар. Өмірбаян, психология және нон-фикшн кітаптары сирек таңдалады.
«Біз белгілі бір жанрларды оқитындықтан, олардың әрқайсысы жылына екі рет қайталанып отырады. Әрине, классиканы да оқимыз, өйткені есейген шақта оған мүлдем басқа көзқараспен қарағың келеді. Бұл ретте тілге ешқандай шектеу жоқ. Кітаптарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқимыз. Клубта отандық та, шетелдік те авторлар бар. Біз үшін қатысушылардың бір бағытпен шектеліп қалмай, әдеби өресін біртіндеп кеңейткені маңызды», – деп атап өтті Мадина Сәдуақасова.
Кітап оқып біткеннен кейін ең қызықты кезең – оны талқылау басталады.
Әр қатысушы шығармаға өзіндік талдау дайындайды. Сөйлеуге он минутқа дейін уақыт беріледі. Онда өзіне ұнаған немесе сұрақ тудырған тұстары туралы айтуға, түйген ойларымен бөлісуге және бұл оқиғаның шынайы өмірде не үйрететінін түсіндіруге болады. Талқылау кезінде «бір микрофон» ережесі қолданылады: бір адам сөйлеп жатқанда, қалғандары бөліп жібермей тыңдайды. Сөз кезегі аяқталған соң қатысушылар ең үздік талдау үшін анонимді түрде дауыс береді. Жеңімпазға қағаз кітап сыйға тартылады. Бұл ретте ұйымдастырушылар белгілі бір оқу форматын таңуламайды. Біреулер қағаз басылымдарды, біреулер электронды кітаптарды ұнатса, енді біреулерге аудиоформат қолайлы.
«Бізде тек электронды кітап оқитын қатысушылар бар. Аудиокітап тыңдайтындар да, қағаз кітапты ұнататындар да бар. Формат оқуға кедергі емес – бастысы, адамның шынымен оқығаны. Біз оқудың жалғыз дұрыс жолы бар деп есептемейміз. Егер адамға жұмысқа бара жатқанда кітап тыңдаған ыңғайлы болса, тыңдай берсін. Мәселе басқада: кітап жай ғана фонда қалып қоймай, ойланатын және талқылайтын дүниеге айналуы тиіс», – дейді ол.
«Жалқау оқырмандардың» қызметі тек тұрақты кездесулермен шектелмейді. Қатысушылар қазіргі заманғы жазушылармен танысады, авторлармен кездеседі және өз рецензияларын жазады. Жеке бағыттардың бірі – «Жазушылық цех». Мұнда тілек білдірушілер өздерін автор ретінде сынап көре алады. Қатысушыларға әңгіме жазу және өз мәтіндерімен жұмыс істеу үйретіледі. Клубтың қайырымдылық бағыты да бар. Ұйымдастырушылар кітап алмасу шараларын өткізіп, түскен қаражатты үйсіз жануарларға арналған паналайтын орындарға жібереді.
Клуб ұйымдастырушылары айналысатын бұл мәселенің ауқымы кең. 2024 жылғы «GeaWorld» зерттеуінің деректері бойынша, Қазақстан оқу белсенділігі деңгейі бойынша 102 елдің ішінде 95-орынды иеленді. Орташа алғанда, қазақстандықтар жылына 2,77 кітап оқиды – бұл жылына шамамен 65 сағат немесе аптасына бір сағаттан сәл ғана асады. Салыстырмалы түрде айтсақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш жылына 17 кітапқа жуық, Үндістанда – 16 кітап төңірегінде. Мадина Сәдуақасова жағдайды үлкен ұрандармен емес, ең қарапайым нәрседен – бір кітаптан бастап өзгертуге болады деп есептейді.
«Бір кітаптан бастаңыз, сосын тағы біреуін оқыңыз. Адам осылай өзгереді. Ал адамдар өзгергенде, қоғам да біртіндеп өзгереді. Егер біз өмір сүрудің басқа деңгейін қаласақ, бізге ойлаудың да басқа деңгейі қажет. Әлеуметтік желілер ақпараттың жылдам ағынын береді, бірақ дәл осы кітаптар әлемді тереңірек түсінуге, сыни ойлауды дамытуға және талдау жасауды үйренуге көмектеседі. Сондықтан біздің міндетіміз – адамды жылына белгілі бір мөлшерде кітап оқуға мәжбүрлеу емес. Біз кітап оқудың оның өмірінің табиғи бөлігіне, телефон қарау немесе достармен кездесу сияқты әдетіне айналғанын қалаймыз», – дейді ол.