Қазақстан мен Әзірбайжан Каспий теңізі арқылы жолаушылар тасымалын іске қосады
Бұл туралы Қазақстанның Әзірбайжандағы Елшісі Әлім Байел мәлімдеді. Дипломаттың айтуынша, Қазақстан тарапы Әзірбайжанға Құрық – Баку – Құрық порттары паром желісінде жолаушылар тасымалын қайта бастауды ұсынды, деп хабарлайды otpannews.kz.
2020 жылға дейін жүзеге асырылған бұл тасымалдар COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылған болатын.
Әлім Байел паромдық тасымалдау тоқтағанға дейін Каспий теңізі арқылы жылына 1500-ге жуық жолаушы жүргенін атап өтті. Ол алдағы уақытта осы бағыт бойынша саяхаттауға ниет білдірген жолаушылардың саны артатынана сенім білдірді. Паром желісін қайта іске қосу екі ел арасындағы жолаушылар қатынасының дамуына серпін береді, туристік алмасуды күшейтеді және орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Елші Әзірбайжан тарапының Қазақстанның ұсынысын қолдағанын атап өтті. Қазіргі уақытта екі елдің көлік ведомстволары жолаушылар қатынасын шұғыл қалпына келтіру бойынша жұмыстарды бастап кетті.
Бүгінде Баку мен Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау сияқты қалалары арасында аптасына 37 әуе рейсі қатынайды.