Otpan News Logo

Маңғыстау ауданында ардагер теміржолшыларға арналған ескерткіш тақта ашылды

|
09.09.2026 09:23
Маңғыстау ауданында ардагер теміржолшыларға арналған ескерткіш тақта ашылды

Маңғыстау ауданының Шетпе теміржол вокзалында Маңғыстау теміржолының негізін қалаушылардың бірі, ардагер теміржолшылар Жаңай Байпақов пен Азанқұл Байпақовқа арналған ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.


Тағылымды жиын Маңғыстау теміржолының өңірге келгеніне 60 жыл толуына орай «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Аймақтық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өтті. Жиынға Маңғыстау аймақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Үсен Имашов, теміржол саласының ардагерлері, Байпақовтармен бірге еңбек еткен әріптестері мен шәкірттері, бүгінде зейнеткерлікке шыққан теміржолшылар, Байпақовтар әулетінің өкілдері және Шетпе стансасының тұрғындары қатысты.


Жиын барысында Жаңай Байпақов пен Азанқұл Байпақовтың Маңғыстау теміржолының қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі еңбегі ерекше аталып өтті. Олар өңірдегі теміржол құрылысының бастауында болып, алғашқы рельстерді төсеуге қатысып, теміржол саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар ретінде еске алынды.


Байпақовтар әулеті бүгінде де теміржолшылар дәстүрін жалғастырып келеді. Әулеттен 16 адам теміржол саласында еңбек етіп, бірнеше буынға жалғасқан теміржолшылар династиясының қалыптасуына негіз болды.


Іс-шара барысында жаңартылған Шетпе теміржол вокзалының ауылдың ажарын ашып, келбетін көркейте түскені де айтылды. Ескерткіш тақтаның ашылуы – теміржол саласының ардагерлеріне көрсетілген құрметтің белгісі әрі олардың өнегелі еңбек жолын кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды тағылымды жиын болды.

84
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!