Otpan News Logo

Ақтауда ерекше спортшылар мен олардың жетістіктерін ұлықтаған жиын өтті

|
03.09.2026 09:29
Ақтауда ерекше спортшылар мен олардың жетістіктерін ұлықтаған жиын өтті

Маңғыстау облыстық маслихатының қолдауымен облыстық мүгедектер спорт клубы ұйымдастырған бұл жиынға параспортшылар, олардың ата-аналары мен жаттықтырушылары қатысты. Мерекелік іс-шара барысында «Ерекше жан» спорт клубының 2025–2026 жылдар аралығындағы атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктері қорытындыланды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Басқосуда ерекше балалардың анасы Әсел Кожегулина өз әсерімен бөлісіп, отбасының жетістіктерін мақтанышпен жеткізді. Оның 11 жастағы Диас есімді ұлы бочча спортымен бес жылдан бері айналысады. 


«Мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт клубында осы секция ашылған күннен бастап келіп, алғашқылардың бірі болып қатыстық. Диас биыл юниорлар санатына (11–14 жас аралығы) өтіп, Қазақстан Республикасының чемпионатында алғаш рет бақ сынап, жүлделі үшінші орынға ие болды»,- дейді анасы. 


Мерекелік жиын барысында «Ерекше жан» спорт клубының 2025–2026 жылдар аралығындағы атқарған жұмыстары талқыланды. Қазіргі таңда клубтағы спортшылар саны 461 адамға жетіп, 18 спорт түрінен жаттығулар жүргізілуде. 


«Құрметті қонақтар, ардагерлер, қадірлібапкерлер, спортшылар және «Ерекше жан» спорт клубының ұжымы! Баршаңызды Спортшылар күнімен шынжүректен құттықтаймын! Бүгінгі басқосуымыздың мақсаты – спорт саласында еңбек етіп жүрген ардагерлерімізді, бапкерлерімізді, спортшыларымызды және осы саланың дамуына үлес қосып жүрген барша әріптестерімізді мерекемен құттықтап, еңбектерін атап өту. Биылғы жыл клуб спортшылары үшін жетістігі мол жыл болды. Қазақстан чемпионаттары, республикалық жарыстар, IV Спартакиада, Азия чемпионаты және Әлем кубогі деңгейіндегі додаларда спортшыларымыз жүлделі орындарға ие болды»,- деді «Ерекше жан» спорт клубының директоры Азамат Ахметов. 

 

Пара армрестлингтен Мерей Тәжіғұлов пен Нұрлыхан Серіков Әлем кубогінде топ жарса, дзюдошы Хамзе Ғұлама Сурдлимпиада ойындарында топ жарып, Әлем кубогі мен ел Спартакиадасында жеңіске жетті. Сондай-ақ жаңадан ашылған сурдо каратэ бөлімінің спортшылары Жапонияның сурдо каратэ федерациясынан арнайы шақырту алып, 2027 жылдың ақпан айында Токиода өтетін әлемдік ашық чемпионатқа қатысуға жолдама алды.


Жиын соңында спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген спортшылар, жаттықтырушылар мен ардагерлер марапатталып, іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

118
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!