Еліміздегі пойыздарда спутниктік интернет қосылады
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен жабдықтау бойынша ауқымды жұмысты жалғастыруда. Бұл жоба Мемлекет басшысының цифрлық инфрақызметті дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды otpannews.kz.
OneWeb және Starlink төмен орбиталық спутниктік жүйелерін қолданған алғашқы пилоттық жобалар 2025 жылы Астана - Алматы, Астана - Өскемен, Астана - Бурабай, Астана - Семей және Алматы - Маңғышлақ бағыттары бойынша жүргізілді. 2026 жылы бұл жоба ауқымды іске асыру кезеңіне көшті.
Спутниктік интернет қазірдің өзінде бірқатар сұранысқа ие бағыттардың жолаушылары үшін қолжетімді, атап айтқанда: Нұрлы жол - Алматы, Нұрлы жол - Өскемен, Нұрлы жол - Орал, Нұрлы жол - Петропавл, Алматы-2 - Өскемен, Қызылорда - Семей, Ақтөбе - Алматы-1, Маңғыстау - Ақтөбе, Орал - Маңғыстау, Ақтөбе - Қазалы, Ақтөбе - Атырау және Павлодар - Алматы.
«Биылғы жылдың шілде айында Ұлттық тасымалдаушы жолаушылар пойыздарына спутниктік интернетті енгізуді кеңейтуге кірісті. 2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша Starlink спутниктік интернеті 31 бағыт бойынша қатынайтын 59 құрамда қолжетімді және 770-тен астам вагонды қамтиды. Қыркүйек айының соңына дейін жүйемен 124 құрамды – 50 бағыттағы 1 235 вагонды жабдықтау жоспарлануда. Біз үшін пойыздарда интернетті енгізу – бұл жолаушылар тасымалының сапасы мен жайлылығын арттырудың маңызды қадамы», - деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Спутниктік интернетті енгізу жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасы мен жайлылығын арттыруға, сондай-ақ Ұлттық тасымалдаушының пойыздарында заманауи цифрлық орта құруға бағытталған.
Сапар жай ғана қалалар арасындағы жол емес, жолаушы өзінің әдеттегі цифрлық ортасымен байланыста болатын уақытқа айналады. Яғни, жақындарымен қарым-қатынас жасау, жұмыс мәселелерін шешу, оқу, мемлекеттік және банктік қызметтерді алу, басқа да онлайн-сервистерді пайдалану мүмкіндігі туады. Спутниктік арнаның техникалық мүмкіндігі 100 Мбит/с дейінгі жылдамдықта қолжетімді болады.
Төмен орбиталық спутниктік байланысты қолдану дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамту аймағы шектеулі шалғай теміржол учаскелерінде де интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жолаушылар үшін интернетке қол жеткізудің тегін базалық пакеті қарастырылады. Оның шеңберінде жолаушылар қосымша ақы төлемей WhatsApp және Telegram мессенджерлерін мәтіндік хабарлама алмасу үшін пайдалана алады. Қазіргі таңда интернет-сервистердің кең ауқымын және көбірек трафик көлемін пайдалану үшін қосымша тарифтік пакеттер ұсыну жоспарлануда.