Үстірт қорығындағы фототұзақтарға қандай аң-құстар жиі түседі?
Маңғыстау облысындағы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында жануарлар дүниесінің тіршілігі 13 фототұзақ арқылы тұрақты бақылауға алынып отыр. Автоматты камераларға көбіне Үстірт арқары, қарақұйрық, қарақұлақ, түлкі, қасқыр және шибөрі түседі, деп хабарлайды otpannews.kz.
Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығының жазуынша, қорық аумағында орнатылған фототұзақтар Үстірт жоталарына, бұлақтар маңына және жануарлардың негізгі жүріп өтетін соқпақтарына орналастырылған. Бұл құрылғылар аң-құстардың табиғи тіршілігіне зиян келтірмей, олардың түрлік құрамын, таралу аймағын және күндізгі-түнгі белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді.
Фототұзақтардан алынған деректер «Табиғат жылнамасын» жүргізуге, жануарлар мен құстардың жаңа түрлерін анықтауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және экологиялық ағартушылық мақсаттарға пайдаланылады.
«Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы» мемлекеттік республикалық мекемесінің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Жалғас Устадовтың айтуынша, фототұзақтарға жиі ілінетін аңдардың қатарында Үстірт арқары, қарақұйрық, қарақұлақ, түлкі, қасқыр, шибөрі және құм қояны бар.
Ал құстардан бүркіт, дала қыраны, жұртшы және кекілік секілді түрлер фототұзақтарға тіркеліп отырады.
«2026 жылы Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін барыс фототұзаққа бірнеше рет түсіп, оның фото және бейнекадрлары тіркелді. Сонымен қатар шибөрінің күшіктерімен бірге жүрген қызықты сәттері де камераға жазылып қалды», - дейді Жалғас Устадов.
Оның айтуынша, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген сүтқоректілердің 9 түрі, құстардың 23 түрі және бауырымен жорғалаушылардың бір түрі мекендейді.
Қорық аумағындағы аң-құстар саны соңғы жылдары бірқалыпты деңгейде сақталып келеді. Мамандар фототұзақтар арқылы жүргізілетін тұрақты мониторинг Үстірттің бірегей табиғатын зерттеп қана қоймай, өңірдегі сирек кездесетін жануарлар дүниесін қорғауға да маңызды мүмкіндік беретінін атап өтті.