Otpan News Logo

Маңғыстаудағы кәсіпорын күніне 10 мыңнан астам қапшық өндіреді

Маңғыстаудағы кәсіпорын күніне 10 мыңнан астам қапшық өндіреді

«WestEcoPlast»компаниясының негізі 2023 жылы қаланды. Кәсіпорын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Қапшық пен үлкен биг-бэг өндіретін кәсіпорында бүгінде 100-ден астам адам жұмыс істейді. Олар күніне 10 мың, ал айына 400 мыңнан астам өнім шығарады. Кәсіпорынның жұмыс тынысымен otpannews.kz сайтының түсірілім тобы танысып қайтты.


«Қазіргі таңда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Дайын өнімдерді Қазақстанның әр өңіріне жібереміз. Айына 50 келілік қапшықтар 400 мыңнан астам, ал үлкен биг-бэг қаптары 150 мың шамасында өндіріледі. Біздің өнімдерді химия, құрылыс және тауар өндірісі салалары сатып алады. Алдағы уақытта өндіріс қуатын арттырып, басқа да цехтарды ашқымыз келеді», - деді «WestEcoPlast» ЖШС өндіріс басшысы Кирилл Демченко.


Қапшық жасауға қолданылатын шикізаттың 90%-ы - отандық өнім. Мамандардың айтуынша, қапшықтарға өзге өңірлерден сұраныс өте жоғары.


«Жұмысымызды жақсы көреміз. Бұл - адал еңбек. Қазақстанның дамуына сәл де болсын өз үлесімізді қосып жатырмыз. Шетелден тасымалдамай, өзімізде шикізат өндіріп, өзге өңірлерге жіберіп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Алдағы уақытта елімізде шығатын өнім саны арта берсе деген ниет бар. 4 жылдан бері осы компанияда қойма меңгерушісі болып қызмет атқарамын. Қапшықтарды санап, түгендеп, тиісті орынға жөнелтеміз», - деді қойма меңгерушісі Жанар Бөлшебаева. 


Өндіріс алдағы уақытта құрылғылар мен аппараттарды көбейтіп, жұмысшылар санын арттыруды жоспарлап отыр. 


«Келген шикізатты жіпке айналдырып, арнайы станоктарда тоқимыз. Қапшық дайын болғанда үстіне арнайы логотиптері басылып, буылып жиналады. Осылайша дайын өнімдерді Маңғыстау өңірі мен Қазақстанның түкпір-түкпіріне жібереміз», - деді ауысым басшысы Рысгүл Өтепова.
49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!