Жаңаөзенде мұнай нысандарына ұрлыққа түскен күдікті ұсталды
Жаңаөзен қаласында мұнай-газ кәсіпорнының өндірістік нысандарынан жабдық ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Металл» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мұнай кәсіпорнының мүлкін бірнеше рет ұрлады деген күдіктіні анықтаған.
Алдымен полицияға Теңге ауылындағы ұңғымалардың бірінен екі шиберлі ысырманың ұрланғаны туралы хабар түскен. Қолды болған жабдықтың жалпы құны 1,5 миллион теңгеден асады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, кейін оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екені белгілі болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам кәсіпорын мүлкін ұрлаудың алты дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінді.
Осы деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы («Ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір полиция ұрланған жабдықтардың қайда екенін анықтап, қылмысқа өзге адамдардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.