Ақтаулық оқушылар тамақ қалдықтарынан шай дайындайды
Төлеген Айбергенұлы атындағы №19 мектеп-гимназиясы эковолонтерлардың ордасына айналған. Мұнда оқушылар қоқысты тастай салмай сұрыптап үйренген. Тамақ қалдықтарын да кәдеге жаратып, өсімдікке арналған тыңайтқыштар мен жеміс-жидек шайын әзірлейді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
«Экоөмір» жобасының жетекшісі Әйгерім Әбдиева – география пәнінен сабақ беретін ұстаз. Ол оқушыларына білім беруден бөлек, пайдалы әдеттер үйреткенді ұнатады.
«Балаларды эковолонтер болуға үйрету идеясы мектеп ауласында отырғанда туындады. Байқасам, айнала қоқысқа толған. Балалардың арасында ішкен-жегенін сұрыптамақ түгілі қоқыс жәшігіне апарып салуды да білмейтіндері бар. Осы көріністен кейін менде мақсат туды»,- дейді Әйгерім Әбдиева.
Осылайша, волонтер ұстаз ерекше бастаманы қолға алды. Ол оқушыларымен бірігіп, жеміс қабықтары мен қалдықтарынан экологиялық таза шай жасап шықты. Жобаның идеясы туралы жас эковолонтер Айзере баяндап берді.
«Жеміс қабықтарынан жасалған шайдың аты – QabyqTea. Бұл шай жасанды қоспасыз, кептірілген жеміс қабықтарынан жасалған. Осы өнімді жасау үшін көп уақыт та кетпейді. Осы кезге дейін біз алма, апельсин, лимон қабықтарын кептіріп, шай жасап көрдік. Мақсатымыз – табиғатқа да, адам ағзасына да залал келтірмеу. Дүкен сөрелерінде құрамы белгісіз шайлар көп, ал бұл шайдың ішінде не барын жақсы білеміз»,- деді 7-сынып оқушысы Айзере Ерсайын.
Бұл шай иммунитетті нығайтуға көмектеседі, сондай-ақ ас қорыту жүйесіне де пайдасы мол. Әйгерім апай жетекшілік ететін волонтерлар шайдан бөлек, өсімдіктерге арналған тыңайтқыш та ойлап тапты.
«Осы кезге дейін біз екі түрлі тыңайтқыш жасадық. Біріншісі – жұмыртқаның сырты. Оны ұсақтап уатып, қысқа ғана уақыт ішінде өсімдікке құнарлы өнім жасай аламыз. Жұмыртқа қабығынан жасалған тыңайтқыш өсімдіктердің дамуына өте пайдалы, себебі ол – табиғи кальций мен басқа да микроэлементтердің қайнар көзі»,- деді жас волонтер Әлия Қази.
Расында, жұмыртқа қабығы негізінен кальций карбонатынан тұрғандықтан, ол қышқыл топырақты бейтараптандыруға және қопсытуға көмектеседі. Кальций өсімдіктің жасуша қабырғаларын қалыптастырып, сабақ пен тамырдың мықты болып өсуіне жағдай жасайды. Жұмыртқаның ұнтақталған қабығы топырақ арқылы оттегінің өтуін жақсартып, жас көшеттердің тез жетілуіне ықпал етеді.
Тыңайтқыштың екінші түрі банан қабығынан жасалған. Іші желініп, сырты қоқысқа кететін банан қабығын тыңайтқыш ретінде қолдану идеясы да осы мектеп қабырғасында туындаған. Банан қабығын ашып, оны біркелкі, ұсақ етіп кесіп, суға қосу қажет. Дайын болған өнімді 3 күн тұндырып, содан кейін қолдануға болады.
«Әбден тұнған қопсытқышты суаратын суға қосу керек. Көп қосуға болмайды, су мен оның 1:5 қатынаста қопсытқышты араластыру керек. Айта кетерлігі, аптасына 1 рет қолдануға болады. Жиі қолдану мен көп мөлшерде пайдалану – өсімдікке артық шыбын-шіркей жинауы мүмкін»,- дейді оқушылар.