«Кітап оқитын Ұлт»: Кітап оқып, ақшалай сыйлыққа ие бол
Маңғыстау облысында еліміздегі алғашқы республикалық «Кітап оқитын Ұлт» кітап оқу марафонына қатысуға ниетті оқырмандарды тіркеу белсенді жүріп жатыр. Бүгінде өңір бойынша марафонға 7 358 адам тіркелді, деп хабарлайды otpannews.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Қатысушылар саны бойынша Ақтау қаласы көш бастап тұр. Қала бойынша 3 237 оқырман тіркелген. Жаңаөзен қаласында - 1 146, Бейнеу ауданында - 1 137, Қарақия ауданында - 775, Мұнайлы ауданында - 665, Маңғыстау ауданында - 222, Түпқараған ауданында 176 адам марафонға қатысуға өтініш берген.
«Кітап оқитын Ұлт» - елімізде кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға, тұрақты оқырман қалыптастыруға және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды республикалық жоба. Марафон 2026 жылғы қыркүйек пен 2027 жылғы сәуір аралығында қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өткізіледі.
Жоба аясында қатысушылар жеті бағыт бойынша бақ сынайды. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер» бағыттары.
Марафонның басты ерекшелігі - қатысушылардың өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы. Кітаптар тізіміне қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалар енгізілген. Оның ішінде 165 кітап қазақ тілінде, 165 кітап орыс тілінде ұсынылады.
Марафонның өңірлік кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табысталады. Атап айтқанда, 1-орын иегеріне - 600 мың теңге, 2-орынға - 450 мың теңге, 3-орынға - 300 мың теңге беріледі. Ал барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
Марафонға қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz