2026 жылы кімдер декларация тапсыруы керек?
2026 жылы кімдер декларация тапсырады? Бұл сұрақ көпшілікті қызықтырады. Осыған байланысты otpannews.kz тілшісі жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау тәртібіне қатысты сұрақтарға жауап алу үшін салық төлеушілермен жұмыс жасау бөлімінің бас маманы Ақтілек Қонарбаевамен сұқбаттасты.
- Ақтілек Исаевна, ең алдымен жалпыға бірдей декларациянының не екенін түсіндіріп өтсеңіз
- Жалпыға бірдей декларациялау - жеке тұлғалардың активтері, міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы мәліметтерді көрсету жүйесі. Декларацияның негізгі нысандары - 250.00 және 270.00.
250.00 нысаны - активтер мен міндеттемелер туралы декларация.
Ал 270.00 нысаны - кірістер мен мүлік туралы декларация.
- 2026 жылы барлық азамат декларация тапсыруға міндетті ме?
- Жоқ, 2026 жылы барлық азамат декларация тапсыруға міндетті емес. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық Кодексіне сәйкес декларацияны белгілі бір санаттағы азаматтар ғана тапсырады. Оларға: арнайы үлесі бар заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, мемлекеттік қызметшілер кіреді. Шетелде мүліктері мен акциялары, құнды қағаздары, облигациялары бар азаматтар тапсыруға міндеттелген. Зейнеткерлер мен студенттер тапсыруға міндетті емес. Алайда, категорияға кірсе, тапсыруы тиіс.
- Банк кэшбэгін декларациялау керек пе?
- Қазіргі таңда көпшілік Freedom Bank-тен кэшбэк алады. Халық арасында шотқа түскен кэшбэк үшін декларация тапсыру керек деген жалған пікір тарап кеткен. Банк арқылы сауда жасап немесе билет алған жағдайда түскен кэшбэк үшін декларация тапсырмайсыз. Ал кэшбэк акция ретінде қолданылып, уақыт өте келе қаражат көбейетін болса, декларация тапсырылу керек. Сондай-ақ Freedom Bank қосымшасы декларациялаудың оңай түрін шығарған. Ол жақта есептеп әуре болмайсыз. Банк қосымшасына кіріп, 270.00 декларациясын тапсыру батырмасын басқанда құжат дайын күйінде шығады.
- Сомасы 1 000 АЕК-тен аз шетелдік банк шотын көрсету керек пе?
- Егер шетелдік банк шоттарындағы ақшаның жиынтық сомасы 1000 АЕК-тен аспаса, осы негіз бойынша декларация тапсыру міндеті туындамайды. Ал жиынтық сома 1000 АЕК-тен асқан жағдайда декларациялау міндетті.
- Декларацияны қалай және қайда тапсыруға болады?
- 2026 жылы 270.00 нысаны 2025 жылғы есепті жыл үшін тапсырылады. Декларацияны 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсыну қажет.
Декларацияны Салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкімет» порталы, e-Salyq Azamat, eGov mobile және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Сондай-ақ қағаз түрінде де ұсынуға мүмкіндік бар.
- Декларацияны мерзімінде тапсырмаса қандай жауапкершілік жүктеледі?
- Декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Алдымен ескерту жасалады. Егер ескерту берілгеннен кейін бір жыл ішінде декларация қайтадан уақытында ұсынылмаса, айыппұл салынады. Сондықтан декларация тапсыру міндеті бар азаматтарға құжаттарын белгіленген мерзімде ұсынуға кеңес беремін. Ал декларацияға қатысты түсініксіз сұрақтар туындаған жағдайда тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына жүгініп, мамандардан кеңес алуға болады.
- Ақтілек Исаевна, сұқбат бергеніңізге алғыс білдіреміз!
- Сіздерге де рақмет!