Otpan News Logo

Әскерге бару - азамат болу: Ақтауда жастарға арналған «Әскери-патриоттық тәрбие» жобасы басталды

|
08.09.2026 15:55
Әскерге бару - азамат болу: Ақтауда жастарға арналған «Әскери-патриоттық тәрбие» жобасы басталды

Ақтауда мектеп оқушылары мен колледж студенттерін отаншылдыққа баулуға бағытталған жаңа жоба іске қосылды, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Бұл бастама Ақтау қалалық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысы бойынша «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып отыр. Жоба жыл соңына дейін созылып, қаладағы білім беру ұйымдары мен әскери бөлімдердің тығыз ынтымақтастығы аясында өтпек. 


Жоба аясында жастарды жан-жақты қамтуға бағытталған бірнеше маңызды бағыт қамтылған. Практикалық дайындық шеңберінде мектеп оқушылары арасында саптық жүріс, пәрмен беру және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша командалық сайыстар өтеді. Ал колледж студенттері үшін 25744 әскери бөлімінің «Оймаша» полигонында 3 күндік дала жиынын өткізу жоспарланған. Танымдық бағыт бойынша оқушылар мен студенттер арнайы графикке сәйкес әскери бөлімдерге экскурсияға барып, заманауи қару-жарақпен, әскери техникамен және сарбаздардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен жақыннан танысады. Бұдан бөлек, мәдени-рухани және ақпараттық шаралар аясында жастар арасында әскери-патриоттық әндер мен сахналық көріністер байқаулары, танымал спортшылармен және спикерлермен кездесулер ұйымдастырылып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде отансүйгіштікке баулитын арнайы бейнероликтер таратылады.


«Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» ҚҚ өкілі Жақсыгүл Маханбеттің айтуынша, басты назар жастардың бойындағы жауапкершілік пен Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға аударылған.

«Жобаның басты мақсаты — жастардың бойындағы патриоттық рух пен отаншылдық қасиеттерін қалыптастыру, әскери бөлімдермен тығыз байланыс орнату арқылы жастардың әскерге деген ынтасын арттыру”, - деді ол. 

Сонымен қатар, бұл бастама әскери қызметтің беделін көтеріп, жастар мен әскери бөлімдер арасындағы өзара байланысты нығайтады деп күтілуде.

«Бұл тек қана іс-шаралар тізбегі емес, бұл біздің болашақ Отан қорғаушылардың сапасына, олардың сезіміне, әскерге баруға ынтасын арттыруға ықпал ететін, сонымен қатар әскери бөлімдердің беделін көтеретін маңызды бастама» - деді Жақсыгүл Маханбет. 

Сондай-ақ жобаның ең ауқымды бөлімдерінің бірі - арнайы полигонда өтетін практикалық дала жиындары. Жергілікті гарнизон басшылығымен тиісті келіссөздер жүргізіліп, дайындық жұмыстары басталып кетті.

«Үш күндік әскери-патриоттық дала жиынына колледждің 150 студенті қатысады. Біз 25744 әскери бөлімінің гарнизон басшысымен келіссөз жүргізіп, бұл шараны «Оймаша» полигонында өткізуді жоспарлап отырмыз» - деді Жақсыгүл Маханбет. 

Бұдан бөлек, оқушылардың сабақ үлгеріміне кедергі келтірмей, барлық мектептерді қамту үшін экскурсияларды ұйымдастыру тәсілі де өзгертілген.

«Экскурсияларды биыл бірнеше күнге бөліп өткіземіз. Балаларды қаланың ішіндегі бірнеше әскери бөлімге апарып, әскери техникамен және сарбаздардың өмірімен жақыннан таныстырамыз», - деді Жақсыгүл Маханбет.
78
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!