Маңғыстаудың 100-ден астам білім беру ұйымында қаржылық қауіпсіздік сабақтары өтті
«Заң және тәртіп» қағидаты мен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында 2-7 қыркүйек аралығында Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңірдің 101 оқу орнында, оның ішінде 1 университет, 15 колледж бен 85 мектепте қаржылық қауіпсіздік және құқықтық сауаттылық тақырыптарында профилактикалық дәрістер өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Департамент қызметкерлері өздеріне бекітілген оқу орындарын аралап, студенттер мен оқушылар арасында бір мезгілде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға Yessenov University студенттері, сондай-ақ колледждер мен мектептердің 9, 10 және 11-сынып оқушылары қатысты. Дәрістерге барлығы 20 мыңға жуық тыңдаушы қамтылды.
Дәрістер барысында оқушыларға қаржылық және интернет-алаяқтықтың ең көп тараған түрлері, қаржы пирамидалары, дропперлік схемалар, лудоманияның салдары, вейптердің зияны, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік ережелері туралы айтылды.
Ақпаратты түсінікті әрі көрнекі ету үшін тыңдаушыларға арнайы дайындалған слайдтар мен бейнероликтер көрсетілді. Нақты мысалдар арқылы оларға әртүрлі қауіп-қатерлерді қалай тануға болатыны және өзін олардан қалай қорғау керектігі түсіндірілді.