«Күн сәулелі жандар» маңғыстаулықтардан көмек сұрайды
Ақтауда «күн сәулелі жандар» спортпен шұғылданып, қаланың мәдени өміріне белсенді араласады. Олар қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстарға да қатысқан. Тұлғалық дамуды басты мақсат еткен даун синдромы бар бұл орта Маңғыстау жұртынан көмек сұрайды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Волонтер Әлия даун синдромы бар жандардың спортпен шұғылданып, би билеуіне жол ашып, өз күшімен демеуші тауып келді. Алайда, кеше ғана балалар барып жүрген бассейн жабылып, олар суда жүзу мүмкіндігінен айырылып отыр.
«Құрметті достар! Өкінішке қарай, біз екі жыл бойы жаттығып келген бассейнде жүзу жаттығуларымызды енді жалғастыра алмайтын болдық. Бұл шешімге ешкімді кінәламаймыз. BS Arena ұжымына осы уақытқа дейін жасаған барлық қолдауы үшін шын жүректен рахмет айтамыз. Сондай-ақ, балаларымыздың бассейнге қатысу абонементін қаржыландырып келген демеушімізге де үлкен алғысымызды білдіреміз. Бірақ біз үшін ең маңыздысы – ерекше балаларымыздың жетістігі мен дамуы. Сондықтан жүзу жаттығуларын тоқтатқымыз келмейді. Егер балаларымыздың бассейн сабақтарының жалғасуына қолдау көрсетемін, демеуші боламын немесе басқа да көмек бере аламын деген жандар болса қуанар едік»,- деді Әлия Якубқызы.
Әлия құрған «Жарқын Damu» қоғамдық бірлестігінің құрамында 60 адам бар. Ең кішісінің жасы – 1 жаста.
«Біздің деніміз сау, ойнаймыз, достарымызбен қыдырамыз, жұмысқа барамыз, ортамыз бар. Бір күні байқасам, даун синдромы бар сіңлім үнемі өз-өзімен үйде жатады. Араласатын ортасы, көңіл көтеруге барар орны жоқ. Сондықтан даун синдромы бар адамдарды жинап, осы қоғамдық қор құрылды. Ең үлкен мүшеміз – 35 жастағы менің сіңлім. Біздің қатарымызда тіпті 1 жастағы балалар да бар»,- дейді Әлия Якубқызы.
93
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев