Маңғыстауда экологиялық тәртіпке қатысты 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында тұрмыстық қалдықтарды жинау және орналастыру кезінде экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Аталған заңбұзушылық деректері Ақтау мен Жаңаөзен қаласы және Мұнайлы ауданының аумағында тіркелген.
Маңғыстау облысының табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру және қабылдаған шаралар нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың төрт лауазымды тұлғасы мен коммуналдық кәсіпорындардың жауапты қызметкерлері әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабы бойынша жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Прокуратура мәліметінше, Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданына қарасты Баянды ауылының аумағында тұрмыстық қалдықтардың белгіленбеген орындарға тасталып, едәуір көлемде жиналуына жол берілген.
Ал Жаңаөзен қаласындағы қалдықтар полигонында оларды жинақтау кезінде экологиялық талаптардың сақталмауы салдарынан 1500 шаршы метр аумақта өрт шыққан.
Табиғат қорғау прокуратурасы қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару саласындағы заңнама талаптарының орындалуына бағытталған жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Алдағы уақытта да анықталған заңбұзушылықтардың жолын кесу, жауапты тұлғаларды заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту және экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданады.