Otpan News Logo

Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр

|
16.11.2026 19:21
Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр

OTPANNEWS.KZ. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады. Кездесу барысында Президентке еліміздің отын-энергетика кешенін дамытудың биылғы он айдағы қорытындылары, жылыту маусымының барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.


Атап айтқанда, Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қашаған кен орнында да осындай нысан салынуда. Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарында екінші газ өңдеу зауыттарын салу жобалары бойынша EPC-келісімшарттар жасалған.


Министрдің мәліметінше, биыл жыл соңына дейін еліміздегі газдандыру деңгейі 64,5 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде 13,2 миллион азамат көгілдір отынға қол жеткізеді.


Кездесу барысында жылыту маусымының еліміздің барлық өңірінде қалыпты өтіп жатқаны айтылды. Электр станцияларын жөндеуге бөлінген қаржы 384 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылған. Негізгі жабдықтар мен желілер жөнделіп, жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеген. Сондай-ақ тәуекелі жоғары «қызыл аймақтағы» станциялар саны бесеуге дейін қысқарған.


Биылғы он айда электр энергиясын өндіру көлемі 2,3 пайызға артып, 102,4 миллиард киловатт-сағатты құрады. Мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға өскен. Ал жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 миллион тоннаға дейін ұлғайған.


Отандық битум өндірісі 1,1 миллион тоннаға жетіп, ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз еткен. Бұдан бөлек Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін арттыру және Атырау облысында жаңа мұнай-химия кешенін салу жобалары қолға алынған.


Сондай-ақ Энергетика министрлігі еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін қайта қарауға кіріскен. Бұл ретте энергияны көп қажет ететін деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект саласының қажеттіліктері ескерілмек. Геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру мақсатында 112 кен учаскесі электронды аукционға шығарылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш.


Сонымен қатар отын-энергетика кешені нысандарының цифрлық телнұсқаларын және 1,2 миллион тұтынушыға көмір жеткізу барысын бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай платформаны енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқаны баяндалды.


Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы халықты электр және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуді, жанар-жағармай мен көмір нарығындағы тұрақтылықты қатаң бақылауда ұстауды, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!