Маңғыстаулық оқушы құрдастарын табиғатты қорғауға шақырады
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Жуырда №7 мектеп-лицейінің оқушысы Карина Шарипова туралы жазған едік. Ол мектептегі ғылыми жоба аясында экологиялық тақырыпта мультфильм әзірлеген болатын. Жасөспірімнің бұл жұмысы Umit Mangistau қоғамдық қоры өкілдерінің назарын аударды. Қор өкілдері Каринаға амбассадор болуды ұсынып, ол бұл ұсынысты қуана қабылдады.
Жас ерекшелігіне қарамастан, оқушы қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне бейжай қарамаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Оны Каспий теңізінің жағдайы, биоалуантүрлілікті сақтау, сирек кездесетін жануарлар мен құстардың тағдыры алаңдатады. Карина волонтерлік және табиғатты қорғау іс-шараларына қатысып, құрдастарына экологиялық мәселелер туралы айтып жүр. Сондай-ақ өзінің іс-әрекеті арқылы табиғатты қорғауға әркімнің үлес қоса алатынын көрсетуді мақсат етеді.
Umit Mangistau қоғамдық қоры үшін жас амбассадордың пайда болуы жұмыстың жаңа бағытын қалыптастырумен қатар, өскелең ұрпақты экологиялық қозғалысқа тартуға мүмкіндік берді.
«Біздің қор үшін бұл ынтымақтастық – жұмыстың жаңа бағыты ғана емес. Бұл – туған елінің болашағына бейжай қарамайтын ұрпақ қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Экологиялық қозғалысқа ересек мамандармен, қоғамдық ұйымдармен қатар балалардың, жасөспірімдер мен жастардың да атсалысқаны ортақ мүддемізге сай келеді. Әрбір жасөспірімнің бастама көтеріп, өз идеясын ұсынуына, табиғатты қорғауға бағытталған нақты жобаларға қатысуына және өз мәселесін өзі жеткізе алмайтын тіршілік иелерінің үнін жеткізуіне мүмкіндік болғаны маңызды», – дейді Umit Mangistau қоғамдық қорының директоры Меруерт Лыткина.
Карина мен қордың алғашқы бірлескен бастамаларының бірі «Өркен» мектебінде өткен ерекше мейірімділік сабағы болды. Оқушыларды экология туралы қызықты әңгіме және жабайы табиғат өкілімен жақын танысу мүмкіндігі күтті.
Қор жетекшісі Меруерт Лыткинамен бірге Карина оқушыларға жыртқыш құстарды және Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген сирек кездесетін түрлерді, соның ішінде қоныс аударатын құстарды қорғау туралы әңгімеледі.
Меруерт Аманжолқызы қордың жабайы жыртқыш құстар мен Қызыл кітапқа енген қанаттыларды құтқаруға бағытталған жобасы туралы баяндады. Жобаның басты мақсаты – табиғи ортада зардап шеккен құстарға дер кезінде көмек көрсетіп, қажетті ем-дом мен оңалту шараларын ұйымдастыру. Осылайша, толық қалпына келген соң оларды қайтадан табиғи мекеніне жіберу көзделген.
Ал Карина биоалуантүрлілік, жыртқыш құстардың экожүйедегі рөлі және барлық тіршілік иесіне жанашырлықпен қараудың маңызы туралы ой бөлісті.
Кездесудің ең есте қаларлық сәті ерекше қонақтың келуі болды. Қор өкілдері өздерімен бірге нағыз батпақ кезқұйрығын алып келді. Оқушылар құсты жақыннан көріп, оның сыртқы ерекшеліктері мен тіршілік ету дағдылары туралы мәлімет алды.
Қанатты қонақ балалардың бірден қызығушылығын оятты. Оқушылар жыртқыш құстардың қалай тіршілік ететінін, неліктен қиын жағдайға тап болатынын, жарақат алғаннан кейін оларға кім көмектесетінін және құтқарылған құстардың қайтадан еркін ұша алатынын сұрап, сауалдарын жаудырды. Меруерт Лыткина мен Карина әр сұраққа барынша толық жауап беруге тырысты.
Жас амбассадор үшін бұл кездесу өзі үшін маңызды дүниелерді бөлісудің тағы бір мүмкіндігі болды.
«Менің ойымша, мұндай сабақтардың маңызы зор. Себебі адамның жүрегі бала кезінде мейірімге толы, өзгеге жанашырлық танытуға бейім болады. Сондықтан балалар кішкентай кезінен бастап айналасына қамқор болуға, жауапкершілік танытуға ұмтылғанда, оларға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беру маңызды. Бүгінгі мейірімділік сабағы мен тірі құспен танысу балалардың қоршаған әлемге жаңаша көзқараспен қарауына, тіпті кейбірінің өзіне ұнайтын іспен айналысуына түрткі болады деп ойлаймын», – дейді Карина.
Карина Шарипованың оқиғасы қоғамға пайдалы іс жасау үшін міндетті түрде есейгенді күтудің қажеті жоқ екенін көрсетеді. Кейде шынайы қызығушылық, жаңа нәрсені білуге деген құлшыныс пен әрекет етуге дайын болу жеткілікті.
Бүгінде ол мектеп оқушыларына табиғатты қорғау туралы айтып жүр. Ал ертең оның қатарына экологиялық қозғалысқа қосылатын жаңа пікірлестері қосылуы мүмкін. Өйткені қоршаған ортаға жанашырлық таныту даңғаза сөздер мен ауқымды жобалардан емес, қарапайым әрекеттерден, мейірімділік пен әрбір тіршілік иесінің өмірі маңызды екенін түсінуден басталады.
Сондықтан мұндай мейірімділік сабақтары мектептерде жиі өткізілуі керек. Себебі бүгінгі балалар – туған өлкенің табиғатын келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға жауапты азаматтар.