Otpan News Logo

Жолдаудағы үш маңызды құқықтық жаңалық

|
07.11.2026 11:11
Жолдаудағы үш маңызды құқықтық жаңалық

Жолдауды басынан аяғына дейін тыңдап шыққандағы түйген негізгі ойым – халықтың əл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты мақсаты ретінде айқындалған. Барлық бастамалар, жобалар мен атқарылатын жұмыстар осы мақсатқа қызмет етіп, өзара үйлестірілуі тиіс.


Заң саласының маманы ретінде Жолдаудағы құқықтық мəселелерге қатысты үш маңызды жаңалыққа тоқталғым келеді. Бұлар алдағы кезеңде еліміздің құқықтық жүйесі мен экономикалық қатынастарының дамуына ықпал ететін елеулі оқиға болмақ.


Біріншісі – жаңа Азаматтық кодексті қабылдау. Құрылтайға 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті қабылдау міндеті қойылып отыр. Бұл – мүліктік жəне мүліктік емес қатынастарды заман талабына сай реттеуге, азаматтар мен кəсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды қадам. Заңгерлер жақсы біледі – Азаматтық кодекс ең күрделі əрі күнделікті өмірге қажетті ең маңызды нормативтік құқықтық акті. Жаңа кодекс бизнестің дамуына кеңірек мүмкіндік беріп, əсіресе шағын жəне орта кəсіпкерліктің өркендеуіне, кəсіпкерлік қызметтің əртараптандырылуына жол ашуы керек. Азаматтық-құқықтық реттеу тетіктері іскерлік белсенділікті ынталандырып, кəсіпкерлердің өзара қатынастарында құқықтық айқындық пен сенімділікті қамтамасыз ететін болады.


Меніңше, жаңа Азаматтық кодексті əзірлеу кезінде негізгі назар азаматтық құқық субъектілерінің мүдделерін теңгерімді қорғауға жəне экономикалық бастамаларға негізсіз кедергілерді азайтуға бағытталмақшы.


Екіншісі – Салық кодексін жетілдіру. Бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау мəселесі салық заңнамасын қайта қараумен де тікелей байланысты. Салық жүйесі мемлекеттің кірісін қамтамасыз етумен қатар, кəсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға жəне экономиканың тұрақты дамуына ықпал етуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Салық кодексінің нормаларын олардың тиімділігі, түсініктілігі жəне кəсіпкерлерге түсіретін əкімшілік жүктемесі тұрғысынан қайта қарау маңызды. Кəсіпкердің уақытын негізсіз рəсімдерге жұмсамай, өз ісін дамытуға мүмкіндік беретін құқықтық орта қалыптастыруымыз қажет. Жалпы, тек Азаматтық жəне Салық кодекстері ғана емес, Еңбек кодексі мен басқа заңдар да бизнестің дамуына қаншалықты қолайлы жағдай жасайтыны тұрғысынан кешенді ревизиядан өтуі тиіс деп санаймын.


Мəселен, еңбек қатынастарында жұмыс беруші мен жұмыскердің мүдделері арасындағы тепе-теңдік маңызды. Жұмыс берушінің қызметкерлерді жұмысқа қабылдау жəне еңбек шартын тоқтату мəселелерінде негізсіз кедергілерге тап болмауы керек. Сонымен бірге жұмыскердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделері де сенімді қорғалуға тиіс. Бұл – екі тараптың мүдделерін қайшылықсыз шешу, теңгерімді сақтау майдан қыл суырғандай кəсібилікті қажет етеді. Еңбек қатынастары бизнестің икемділігіне мүмкіндік бере отырып, жұмыскердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін де сақтауы тиіс. Бұл ретте АҚШ-тың сот тəжірибесіне көбірек бейімдеген жөн болушы еді.


Үшіншісі – Алатау қаласында инвестициялық сот құрылады. Жолдауда Алатау қаласының конституциялық мəртебесіне сəйкес инвестициялық сот құру бастамасы да айтылды. Оның ағылшын құқығының қағидаттарына негізделуі шетелдік инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың халықаралық тəжірибеде танылған тетіктерін қолдануға мүмкіндік береді.


Мұндай соттың құрылуы Алатау қаласына инвестиция тартуға қолайлы құқықтық орта қалыптастыруға, инвесторлардың сенімін арттыруға жəне инвестициялық дауларды шешудің тиімді тетіктерін дамытуға ықпал етеді. Бұл шетелдік құқық негізінде қаралатын бірінші сот емес. Қазақстанда ағылшын құқығының қағидаттарына негізделген сот төрелігінің тəжірибесі Халықаралық Астана қаржы орталығында (МФЦА) қолданылып келеді. Алатау қаласында осындай соттың құрылуы бұл бағыттағы құқықтық тəжірибені кеңейте түседі.


Инвестициялық даулардың жалпы сот істеріндегі үлесі аз болғаны-мен (1%-ды да құрамайды, олардың экономикалық салмағы мен инвестициялық ахуалға ықпалы зор. Сондықтан мұндай соттың маңызын тек қаралатын істердің санымен өлшеуге болмайды. Ең бастысы – инвесторларға берілетін құқықтық кепілдік. Бұл бастаманың құқықтық тұрғыдан тағы бір маңызды қыры бар. Қазақстанның құқықтық жүйесі континенттік, соның ішінде романдық құқық дəстүріне негізделген. Дегенмен халықаралық тəжірибеде қалыптасқан өзге де құқықтық тетік-терді ұлттық заңнамаға сəйкес қолдану мүмкіндігі құқықтық жүйеміздің икемділігін арттырады.


Мұны құқықтық плюрализмнің оң тəжірибесі ретінде қарастыра ала-мыз. Экономиканың қажеттілігіне қарай тиімді құқықтық құралдарды пайдалануға жол ашатын перспективалы бағыт ретінде бой көтеруде. Түйіндей айтқанда, жаңа Азаматтық кодексті қабылдау, Салық кодексін жетілдіру жəне Алатау қаласында инвестициялық сот құру – Жолдаудағы құқықтық мəселелерге қатысты үш негізгі жаңалық. Олардың əрқайсысы өз алдына маңызды болғанымен, мақсаты бір: құқықтық ортаны жетілдіру, бизнестің дамуына жағдай жасау, инвестиция тарту жəне экономиканың тұрақты дамуына ықпал ету.

Ал мұның түпкі нəтижесі халықтың əл-ауқатын арттыруға əкелуі тиіс.


Қазыбек ДƏУІТƏЛІ,

заңгер

8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!