Маңғыстауда балалар арасында ЖРВИ көбейіп, медициналық көмек күшейтілді
OTPANNEWS. KZ. - Маңғыстау облысында балалар арасында жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) маусымдық таралуына байланысты медициналық көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Жанар Досжанованың айтуынша, қараша айында аурухананың қабылдау бөліміне жүгінетін балалар саны артқан.
Балалар арасында инфекцияның негізгі белгілері ретінде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, көзден жас ағу және құрғақ жөтел байқалады.
Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда қажетті көмек көрсетілуде. Емханаларда сүзгі кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ ата-аналар тіркелген емханасы арқылы мобильді бригаданы үйге шақыра алады.
Мамандар ата-аналарға балаларды адам көп жиналатын орындарға апаруды шектеуге, ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге жүгінуге және өз бетінше антибиотик бермеуге кеңес береді.
Сонымен қатар ЖРВИ-дің алдын алу мақсатында адам көп шоғырланатын орындарда медициналық бетперде тағу, қол гигиенасын сақтау, қолды сабынмен жиі жуу және антисептикалық құралдарды пайдалану ұсынылады.
Сондай-ақ тұмауға қарсы вакцинациядан өту, бөлмені жиі желдету және баланың жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішуін қамтамасыз ету маңызды. Мамандар профилактикалық шараларды сақтауға және балалардың денсаулығына мұқият қарауға шақырады.