Otpan News Logo

Инфрақұрылымды жаңғырту жайы маңызды

|
07.11.2026 10:08
Инфрақұрылымды жаңғырту жайы маңызды
baq.kz

Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында елдегі əлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, құрылыс жұмыстарын жандандыруға жəне өңірлердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударған болатын. Президент барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Осы міндеттерді жүзеге асыруда қалалардың инженерлік желілерін жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жəне тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру маңызды рөл атқарады.


Ақтау қаласында да осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі үшін негізгі міндеттердің бірі – қала инфрақұрылымының жай-күйін жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз əрі жайлы ортада өмір сүруіне қажетті жағдай жасау. Бұл ретте инженерлік желілерді жаңарту, аулаларды абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын көбейту, көгалдандыру жəне қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағыттарына басымдық беріліп отыр. Мəселен, Ақтау қаласындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 485 шақырымды құрайды. Оның 320 шақырымы, яғни 66 пайызы тозған. Осы мəселені шешу мақсатында бүгінде жалпы ұзындығы 76,9 шақырымды құрайтын 17 электр желісін жаңарту жобасы іске асырылып жатыр. Бірінші кезең аясында 22,5 шақырым электр желісі толық жаңартылды. Екінші кезең бойынша ұзындығы 54,4 шақырым болатын 11 электр желісін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстардың орындалу деңгейі 50 пайызды құрайды. Жобалар толық аяқталғаннан кейін электр желілерінің тозу деңгейін 66 пайыздан 52 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.


Сонымен қатар тұрғын үйлерде жылу энергиясын тиімді пайдалану жəне энергия шығындарын азайту мақсатында 2026 жылы жеті шағынаудандағы 43 тұрғын үйге 107 автоматтандырылған жылыту торабын орнату жоспарланды.


Қазіргі таңда жұмыстар басталды. Мұндай технологиялық шешімдер жылу тұтынуды тиімді реттеуге, энергия ресурстарын үнемдеуге жəне тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.


Қаладағы əлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған емес. Ақтау аумағында 320 балалар ойын алаңы мен 120 спорт алаңы бар. Олардың тозу деңгейі тиісінше 40 жəне 30 пайызды құрайды. Осыған байланысты балалар мен жастардың қауіпсіздігіне, бос уақытын тиімді өткізуіне жəне бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау үшін жаңа ойын жəне спорт алаңдарын орнату жұмыстары қолға алынған. Жоспарға сəйкес 80 балалар ойын алаңы мен 50 спорт алаңын орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.


Қаланың жайлылығы тек инженерлік желілер мен құрылыс нысандарының жағдайына ғана емес, қоғамдық кеңістіктердің сапасына да байланысты. Осы мақсатта көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 2026 жылдың көктемгі маусымында 994 жапырақты ағаш, 600 қылқан жапырақты ағаш, 4 мың метр бұта, 300 сəндік бұта, 3 600 көпжылдық жəне 130 мың біржылдық гүл отырғызылды. Ал күзгі кезеңде қосымша 592 қылқан жапырақты ағаш отырғызу жоспарланды.


Бұдан бөлек, қаланың сыртқы аумақтарында заңсыз төгілген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мəлімет бойынша тоғыз нүктеде шамамен 940 тонна қалдық жиналған. Қала аумағын абаттандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мақсатында «Таза Ақтау» мемлекеттік коммуналдық кəсіпорны құрылды. Қазіргі уақытта «Ақжелкен» тұрғын массивіне қарама-қарсы орналасқан «Солдат» жағажайын абаттандыру жұмыстары басталды. Бұл бастама жағалау аумағын ретке келтіріп, тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы қоғамдық-экологиялық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.



Президент Жолдауында айтылған ауқымды құрылыс пен инфрақұрылымды жаңғырту міндеттері əрбір өңірдің нақты қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан біз үшін атқарылған жұмыстардың санынан бөлек, олардың тұрғындардың күнделікті өміріне тигізетін нақты пайдасы маңызды. Инженерлік желілердің сенімділігі, қауіпсіз аулалар, сапалы қоғамдық кеңістіктер мен таза қала ортасы – халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер. Алдағы уақытта да қала инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту, абаттандыру жұмыстарын жалғастыру жəне коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғаса береді.


Қыдырберген БƏЛИЕВ,

Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық

шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!