Маңғыстаудың жаңа дизайндағы рельефті картасы әзірленді
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысының географиялық ерекшеліктері мен аумақтық құрылымын бейнелейтін жаңа авторлық дизайндағы рельефті картасы жасалды.
Жобаны түркістандық дизайнер Әлібек Бүркітұлы @sqr.kz әзірледі. Жаңа картографиялық жинаққа Маңғыстау облысының жалпы картасы, өңір құрамындағы бес ауданның, сондай-ақ Ақтау және Жаңаөзен қалаларының жеке карталары енгізілген.
Рельефті карта өңірдің географиялық келбетін көрнекі түрде таныстыруға мүмкіндік береді. Онда Маңғыстаудың жер бедері мен аумақтық ерекшеліктерін кеңістікте бейнелеуге басымдық берілген. Ал аудандар мен қалаларға арналған жеке карталар әр аумақтың орналасуы мен географиялық құрылымын бөлек қарастыруға жағдай жасайды.
Жаңа карта Маңғыстаудың табиғи және географиялық ерекшеліктерін заманауи форматта таныстыруға бағытталған.