Жаңаөзенде газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасып жатыр
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Жаңаөзен қаласында салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды Otpannews.kz.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, болашақ кәсіпорынға арналған ұзақ циклді жабдықтардың негізгі бөлігі Қытай Халық Республикасындағы өндірістік алаңдарда жасалып жатыр. Қазіргі уақытта 240 жабдықтың 122-сі дайын, тағы 118-і өндіріс процесінде.
Бұған дейін хабарланғандай, Жаңаөзендегі зауыт құрылысы кезінде Қазақстандағы басқа кәсіпорындардан ерекшеленетін блок-модульдік әдіс қолданылып жатыр. Негізгі технологиялық модульдер өндіруші зауытта дайындалып, кейін дайын іргетасқа орнату үшін құрылыс алаңына жеткізіледі. Бұл құрылыс қарқынын жеделдетіп, нысанның өзіндегі құрылыс жұмыстарының көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы салмағы шамамен 30 мың тонна болатын 38 модуль дайындау жоспарланған. Олардың ұзындығы 45 метрге, ені 9 метрге, биіктігі 11,5 метрге дейін жетеді.
Биыл тамыз айында Қытайдағы теңіз портынан дайын жабдықтардың алғашқы партиясы Қазақстанға жөнелтілді. Кейінгі жабдықтар мен технологиялық модульдер бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жеткізіледі.
Қазіргі уақытта өртке қарсы су қорына арналған резервуарлар, сондай-ақ сұйытылған көмірсутек газы, жеңіл көмірсутектердің кең фракциясы және пентан-гексан фракциясын сақтайтын резервуарлардың іргетасын салу жұмыстары аяқталған. Оларды монтаждауға қажетті материалдар құрылыс алаңына 100% жеткізілген.
Сонымен қатар сыртқы электрмен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталып, іске қосу-баптау жұмыстарына дайындық жүріп жатыр.
Зауыттың негізгі өндірістік және қосалқы нысандарына арналған іргетастарды салу жалғасуда. Әкімшілік-шаруашылық аймағында монолитті темірбетон конструкциялары тұрғызылып жатыр. Бетон жұмыстарының жалпы көлемі шамамен 65,8 мың текше метрді құрайды. Тамыз айының соңындағы жағдай бойынша 9,5 мың текше метр бетон төселген. Құрылыс қарқынын жеделдету шараларын ескере отырып, бетон жұмыстарының негізгі бөлігін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ірі жоба жылына 900 млн текше метрге дейін табиғи және ілеспе газ өңдеуге қауқарлы заманауи өндірістік кешен құруды көздейді. Зауыт Маңғыстау облысының тұрғындары мен өнеркәсіп нысандарын тауарлық және сұйытылған газбен, сондай-ақ пентан-гексан фракциясымен қамтамасыз етеді.
Жаңа газ өңдеу зауытын салумен қатар, Маңғыстау өңірі үшін әлеуметтік маңызы бар қолданыстағы Қазақ газ өңдеу зауытының (ҚазГӨЗ) тұрақты жұмысын қамтамасыз ету де негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
Сапар барысында «ҚазМұнайГаз» басшысы ҚазГӨЗ-ге де барып, онда екі қосымша компрессорлық қондырғыны монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрді. Бұл шаралар шикі газды үздіксіз қабылдауға және тауарлық газ өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа кәсіпорын іске қосылғаннан кейін қолданыстағы зауыттың жұмысын да жалғастыру жоспарланып отыр. Оның жүктемесі қазіргі деңгейдің шамамен 30-40%-ын құрайды деп күтілуде. «ҚазМұнайГаз» алдағы жылдары зауытты қажетті көлемде шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтап жатыр.