Маңғыстаулық шұбат өндірушілер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің алғыс хатымен марапатталды
Ақтауда ұлттық сусынды дәріптеуге арналған «Shubat Fest-2026» республикалық гастрофестивалінің гала-концерті өтті. Шарада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймырзаев министрдің құттықтауын жеткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Қазақ халқы үшін түйе шаруашылығының маңызы ерекше. Түйе сүті мен одан өндірілетін өнімдер мәдениетімізде маңызды орын алады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы түйе саны өткен жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артып, 294 мың басты құрады. Ал биыл 7 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,9%-ға өсіп, 312 мың басқа жетті», – деді Бағлан Аймырзаев.
Бағлан Аймырзаев мал шаруашылығы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің маңызды салаларының бірі екенін атап өтіп, оның дамуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға және халықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететініне тоқталды.
«Республика бойынша түйе сүтінің өндірісі 16,5 мың тоннаны, оның ішінде Маңғыстау облысында 5,9 мың тоннаны құрады. Маңғыстау облысында түйе саны 98,8 мың басқа жетті. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидалары аясында түйе шаруашылығын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, асыл тұқымды түйелерді сатып алуға 175 мың теңге норматив бойынша және түйе сүтін өндіру мен өңдеу құнын арзандатуға 55 теңгеден 190 теңгеге дейінгі норматив бойынша субсидиялар қарастырылған. Осы мақсаттарға ағымдағы жылы түйе шаруашылығын дамытуға 781,9 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Маңғыстау облысына 364,7 млн теңге бағытталды», - деді Бағлан Аймырзаев.
Сонымен қатар мал басын сатып алуға арналған жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын жаңа «Игілік», «Береке» және «Жайлау» кредиттік өнімдері іске қосылғаны атап өтілді.
«Шалғайдағы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту мақсатында жайылымдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Жайлау» кредиттік өнімі де енгізілді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл жүйелі қолдаулар мен Кешенді жоспардағы шаралар мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға тікелей ықпал етеді», – деді Бағлан Аймырзаев.
Бағлан Аймырзаев «Shubat Fest-2026» республикалық гастрофестивалінің гала-концертінде шұбат өндірушілер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің алғыс хатын табыстады.