Жаңаөзенде ереуіл ұйымдастыруға әрекеттенген қылмыстық топтың жолы кесілді
OTPANNEWS.KZ – Жаңаөзенде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті Ішкі істер органдарымен бірлесіп, Жаңаөзен қаласында ереуіл ұйымдастыруға әрекеттенген топтың қызметіне тосқауыл қойды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
Мәліметке сәйкес, қылмыстық топ мұнай-газ саласында жұмыс істейтін мердігер компаниялардың бірінің басшылығымен сөз байласқан. Олардың мақсаты – кәсіпорын жұмысшыларын жаппай наразылық акцияларына итермелеу арқылы тапсырыс беруші «Өзенмұнайгаз» АҚ-дан қосымша қаржы алу болған.
Сондай-ақ ақпаратта күдіктілер өз талаптары орындалмаған жағдайда мұнайшылардың наразылығын пайдаланып, 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиғаларды қайталауға әрекеттенуі мүмкін екені айтылған.
Күштік құрылымдардың уақытылы әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде ықтимал ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туған. Атап айтқанда, азаматтардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың, жаппай тәртіпсіздіктер мен тонаушылықтың жолы кесілгені хабарланды.