Киікбай Жаулин: Республика күні – тәуелсіздікке бастар тарихи қадам
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ұстаз Киікбай Жаулин Республика күнінің тарихи маңызы, мемлекеттік егемендік туралы декларацияның рөлі және ұлттық мерекенің мәнін жас ұрпаққа түсіндіру жолдары туралы пікір білдірді.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған тарихи қадамдардың бірі еді. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі заң жүзінде жарияланды. Осы екі тарихи дата Қазақстанның егемендікке қол жеткізу жолындағы маңызды кезеңдерді айқындайды.
Тарихшы ғалым Киікбай Жаулиннің пікірінше, Республика күнінің тарихи маңызы зор. Себебі декларация Қазақстанның өз аумағына, табиғи байлықтарына және мемлекеттік билігіне қатысты дербес шешім қабылдау құқығын жариялады. Кеңес Одағының құрамында болған кезеңде мұндай құжаттың қабылдануы еліміздің болашағын өзі айқындауға ұмтылғанын көрсетті.
«Мен бұл күнді тәуелсіздікке апарған жолдың маңызды бастауларының бірі деп санаймын. Өйткені тәуелсіздік бір күнде келген жоқ. Оның артында халқымыздың арманы, тарихи күресі және ел болашағы үшін қабылданған маңызды шешімдер тұр»,– дейді Киікбай Жаулин.
Тарихшының айтуынша, бүгінгі ұрпақтың арасында ел тарихын терең білетін жастар да, мерекелерді тек демалыс күні ретінде қабылдайтындар да кездеседі. Сондықтан тарихи даталарды жаттап қана қоймай, олардың мәнін түсінуге басымдық беру қажет. Өйткені өз елінің тарихын білетін адам тәуелсіздіктің қадірін терең сезінеді. Тарихи оқиғалардың себептері мен салдарын түсіну азаматтық ұстанымның қалыптасуына да ықпал етеді.
«Республика күнін атап өтуді концерттермен, құттықтаулармен және мемлекеттік туды көтеру рәсімдерімен ғана шектеуге болмайды. Мұндай іс-шаралар мерекелік рухты қалыптастырғанымен, оның тарихи мазмұнын кеңінен түсіндіру де маңызды. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында тарихи кездесулер, ашық пікірталастар мен деректі фильмдер көрсетілімін ұйымдастыруға болады. Тарихшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтетін кездесулерде өткен кезеңнің оқиғаларын қарапайым әрі түсінікті тілмен талқылау жастардың қызығушылығын арттырады. Ал әлеуметтік желілерде қысқа, мазмұнды және нақты тарихи материалдарды жариялау ақпаратты кең аудиторияға жеткізуге мүмкіндік береді»,- дейді тарихшы.
Ұлттық мерекені ұлықтау – белгілі бір күнді атап өтумен шектелмейді. Ол ел тарихын құрметтеуден, мемлекеттің дамуына үлес қосудан және болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінуден көрінеді.
Тарихшы ғалым жастарға Республика күнінің маңызын түсіндіру үшін құрғақ деректерді ұсынумен шектелмей, тарихи оқиғаларды бүгінгі өмірмен байланыстыру қажет деп есептейді.
«Сондай-ақ жастардың өздері қатысатын жобаларды көбейту маңызды. Тарихи бейнероликтер түсіру, отбасы үлкендерінің естеліктерін жинау, ұлттық құндылықтар туралы пікірталастар өткізу және шығармашылық жұмыстар ұйымдастыру – жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттыратын тәсілдер. Отансүйгіштік те тек сөзбен қалыптаспайды. Сапалы білім алу, адал еңбек ету, өзгеге құрметпен қарау және елдің дамуына үлес қосу – азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Республика күні – Қазақстанның егемендікке ұмтылысын айқындаған тарихи кезеңді еске салатын ұлттық мереке. Оның мәнін терең түсіну үшін өткенді танып қана қоймай, тарихи сабақтарды бүгінгі өмірмен байланыстыра білу қажет. Өйткені елдің болашағы тарихи жадыға, жас ұрпақтың біліміне және қоғамның ортақ жауапкершілігіне тікелей байланысты»,- дейді Киікбай Жаулин.