Otpan News Logo

Маңғыстаудың көлік-логистика әлеуеті артып келеді: Бейнеу-Сексеуіл жолының құрылысы басталды

|
13.10.2026 14:53
Маңғыстаудың көлік-логистика әлеуеті артып келеді: Бейнеу-Сексеуіл жолының құрылысы басталды
inbusiness.kz

2026 жылдың жартыжылдық қорытындысы бойынша Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтқанда, көлік және логистика саласының көлемі 108,5%-ды құрап, 272,6 миллиард теңгеге жетті.


Өңірде экономиканы әртараптандыру және 2030 жылға қарай Маңғыстауды заманауи логистикалық, өндірістік әрі сервистік хабқа айналдыру басты басымдық ретінде айқындалып отыр. Осы мақсатта көлік қозғалысының барлық түрін (автомобиль, әуе, теміржол және су жолдары) қамтитын ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.


Елдің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында ұзындығы 559 шақырымды құрайтын «Бейнеу-Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысы басталды. Оның 125 шақырымы Маңғыстау облысының аумағы арқылы өтеді. Жаңа трасса Орталық, Оңтүстік және Шығыс Қазақстаннан Ақтауға дейінгі қашықтықты 917 шақырымға қысқартып, жүктер мен жолаушылардың жолда жүру уақытын 24 сағатқа дейін азайтады.


Сонымен қатар Ақтау порты мен Ерсай теңіз терминалының акваториясын 4,5 метрден 6,5 метрге дейін тереңдету жұмыстары қолға алынған. Бұл шара кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүк айналымын ұлғайтады. Биыл шілде айында Құрық теңіз портында көтергіш-өтпелі көпірлерді жаңғырту жұмыстары аяқталып, теміржол паромдарын өңдеу уақыты 18 сағаттан 12 сағатқа, ал автомобиль паромдарын өңдеу 10 сағаттан 6 сағатқа дейін қысқарды.


Сонымен қатар Қарақия ауданында құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын жаңа теңіз портын салу бойынша «Guo You Resources Group» компаниясымен келісімге қол қойылды. Аталған жоба жылына 25 миллион тоннаға дейін жүк өңдеуге мүмкіндік береді.


Түркиялық «YDA» компаниясымен бірлесіп Ақтау қаласының әуежайы базасында құны 1 миллиард АҚШ доллар болатын мультимодальды авиациялық-логистикалық хаб салу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл жоба әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, жөндеу орталығын және жүк авиациясын дамытуды көздейді.


Жалпы алғанда, қолға алынған бұл кешенді шаралар Маңғыстау облысының халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, өңірдің экономикалық өсіміне тың серпін бермек.

117
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!