Otpan News Logo

Ақтауда оқушыларға теңіз суын ауызсуға айналдыру жолын түсіндірді

|
19.10.2026 15:44
Ақтауда оқушыларға теңіз суын ауызсуға айналдыру жолын түсіндірді

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – №31 жалпы білім беретін мектепте «Каспий – ортақ мұра» тақырыбында экологиялық дәріс өтті. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған іс-шарада оқушыларға Каспий теңізінің экологиялық жағдайы, суды тұшыту технологиясы және су ресурстарын үнемдеудің маңызы түсіндірілді. 


Іс-шара облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, су ресурстары басқармаларының, білім басқармасының және Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өтті.


Дәріс барысында «Кендірлі» су тұшыту зауытының жұмысы таныстырылды. Маңғыстау облысында орналасқан кәсіпорын Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтамасыз етуге үлес қосады. Зауытта теңіз суын тұшыту үшін кері осмос технологиясы қолданылады. Бұл әдіс суды арнайы мембраналар арқылы өткізіп, құрамындағы тұздардың басым бөлігін бөлуге мүмкіндік береді.


«Оқушыларға теңіз суының зауытқа жеткізілуінен бастап, тазартылып, сапасы тексеріліп, тұтынушыларға берілуіне дейінгі кезеңдер түсіндірілді. Алдымен теңізден алынған су құм мен ұсақ қоспалардан тазартылады. Кейін мембраналар арқылы тұздар бөлініп, тазартылған суға қажетті минералдар қосылады және залалсыздандырылады. Сапасы тексерілгеннен кейін су құбырлар арқылы тұтынушыларға жеткізіледі. 


Дәрісте зауыттың жобалық қуаты туралы айтылды. Кәсіпорын толық қуатында тәулігіне 50 мың текше метр су өндіруге есептелген. Сонымен қатар оқушыларға ауызсу қорының шектеулі екенін ескере отырып, суды күнделікті тұрмыста тиімді пайдалану жолдары көрсетілді»,- деді ұйымдастырушылар. 


«Кендірлі су тұшыту» зауытының басшысы Мақсат Ибағаровтың айтуынша, дәрістің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа судың қалай өндіріліп, тазартылып, тұтынушыларға жеткізілетінін түсіндіру және су ресурстарын үнемдеуге үйрету.


«Дәріс оқушылар үшін қызықты өтті. Олар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарымен танысты. Мұндай шаралар балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе, суды үнемдеуге бағытталған заманауи технологиялар мен шешімдер туралы өскелең ұрпаққа түсіндіру маңызды деп есептеймін. Себебі экологияны жақсарту мен су қорын сақтау әрқайсымыздың табиғатқа деген жауапкершілігімізден басталады», – деді Мақсат Ибағаров.


Дәріс соңында оқушылар суды үнемдеуге қатысты қарапайым әрі тиімді әдеттермен танысты. Мамандар тіс тазалағанда немесе қолды сабындағанда шүмекті жауып қою, судың босқа ағып тұрғанын байқаса, ересектерге хабарлау қажеттігін атап өтті.

55
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!