Ақтауда жеңіл атлеттер бақ сынады
OTPANNEWS.KZ. – Жуырда Ақтау қаласында КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, даңқты қазақ жеңіл атлеті Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған жеңіл атлетикадан дәстүрлі республикалық жарыс «Аминиада» спорттық іс-шарасы ұйымдастырылды. Үш күнге созылған жарыс барысында қатысушылар жеңіл атлетиканың бірнеше түрінен бақ сынады. Биылғы додада алғаш рет биіктікке секіруден жарыс өткізіліп, спортшылар өз шеберліктерін көрсетті.
Маңғыстау облысы жеңіл атлетика федерациясының президенті Дәурен Мұратбайдың айтуынша, өңірде жастардың жеңіл атлетикаға деген қызығушылығы артып келеді. Осыған байланысты спорттың бұл түрін дамытуға және жаңа бағыттарды енгізуге басымдық берілуде.
- Жеңіл атлетика тек жүгірумен ғана шектелмейді. Оның құрамына биіктікке және ұзындыққа секіру, әртүрлі қашықтыққа жүгіру және басқа да бағыттар кіреді. Қазіргі таңда осы бағыттар бойынша жұмыстарды жоспарлап, облыстық спорт саласына қатысты алдағы міндеттерімізді айқындап, жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Біздің мақсатымыз - өңірде жеңіл атлетиканы дамыту, жас спортшыларды тәрбиелеу және жеңіл атлетикаға деген қызығушылықты арттыру, - деді Дәурен Мұратбай.
Ал Маңғыстау облысы жеңіл атлетика федерациясының аға жаттықтырушысы Асия Рабаеваның айтуынша, өңірде жеңіл атлетиканың бірнеше бағыты бойынша спортшылар даярланады.
- Кедергімен жүгіру бағыты бойынша дайындықтар басталды. Сонымен қатар, маңғыстаулық жеңіл атлеттер ұзындыққа секіру, биіктікке секіру және найза лақтырудан да жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Биіктікке секірудің жаңа бағыт ретінде енгізілуі жас спортшылардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың спорттық әлеуетін дамытуға жол ашады. Өңірде жеңіл атлетиканың жаңа бағыттарын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ, - деді Асия Рабаева.