Адай жылқылары халықаралық бәйгеде топ жарды
OTPANNEWS.KZ. - Қостанай қаласында өткен халықаралық деңгейдегі 100 шақырымдық ат жарысында Жаңаөзен қаласы, Теңге ауылының тұрғыны Исенбай Қалдамановтың екі сәйгүлігі І және ІІІ орынды иеленді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ұйымдастыруымен өткен жарыстың негізгі мақсаты – қазақ жылқысын, соның ішінде Адай тұқымын кеңінен таныту және 2028 жылы өтетін әлем чемпионатына қатысатын шабандоздар мен сәйгүліктерді іріктеу.
Додаға Қазақстанның әр өңірінен Адай, Найман және басқа да жылқы тұқымдарын баптайтын командалар, сондай-ақ бес мемлекеттен келген шабандоздар қатысты. Жарыс халықаралық талаптарға сай өткізіліп, төрешілік құрамында Біріккен Араб Әмірліктері мен Еуропа елдерінен келген мамандар болды.
Исенбай Қалдаманов 2005 жылдан бері жылқы баптаумен айналысады. Ол сәйгүліктерді өзі бағып, өзі жаттықтырады. Ұлы Парахат Қалдаман да жылқыларды ұзақ қашықтықтағы және классикалық бәйгелерге дайындауға атсалысады. Отбасының негізгі мақсаты – Адай жылқысының мүмкіндігін халықаралық деңгейде танытып, оны әлем чемпионатына қатыстыру.
– Басты мақсатымыз – Адай жылқысының мәртебесін көтеріп, оның мүмкіндігін әлемге таныту. 2028 жылы өтетін әлем чемпионатына қатысып, жоғары нәтиже көрсетуді көздеп отырмыз. Жылқыларды өзіміз бағып, өзіміз баптаймыз. Ұлым Парахат та сәйгүліктерді ұзақ қашықтықтағы және классикалық бәйгелерге дайындауға көмектеседі, – деді Исенбай Қалдаманов.
Жылқы бапкерінің айтуынша, 2022 жылы ол «Көкмойнақ» командасы құрамында Адай жылқыларымен 1200 шақырымдық жарысқа қатысып, бас жүлдені иеленген. Ал 2023 жылы 1300 шақырымдық қашықтықта әлемдік рекордты жаңартқан. Сонымен қатар жуырда Батыс Қазақстан облысында өткен 100 шақырымдық жарыста Адай жылқысы бас жүлдеге ие болған. Хан Ордасының 225 жылдығына арналған 30 шақырымдық аламан бәйгеге, Отпан таудағы Амал мерекесі аясындағы жарысқа да қатысқан. Бұдан бөлек, Шайыр ауылының 100 жылдық мерейтойында бас бәйгені иемденді.
Адай жылқысының әлеуетін халықаралық деңгейде таныту, ұлттық жылқы шаруашылығын дамыту және қазақ жылқысының әлемдік аренадағы беделін арттыру – алдағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі. Бұл бастама ұлттық мұраны дәріптеп, оның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді.