Маңғыстау облыстық ТЖД басшысы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құтқарушы күніне орай өткен салтанатты жиында тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жолында қызмет етіп жүрген мамандарға алғысын білдірді.
Қуанар Базарбаев 1967 жылғы 24 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1994 жылы Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын азаматтық қорғау органдарында бастап, салада мол тәжірибе жинақтаған.
Әр жылдары Петропавл қаласында өрт сөндіру бөлімдерінде басшылық қызметтер атқарып, Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметін басқарған. Кейін Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары, Маңғыстау облысы, Астана және Шымкент қалаларының Төтенше жағдайлар департаменттері бастығы қызметтерін атқарды.
2026 жылғы маусым айынан бастап Қуанар Базарбаев Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметіне қайта тағайындалды.