Otpan News Logo

Азаматтарды бірыңғай қабылдау: Ақтау тұрғындары қандай мәселе көтерді?

Азаматтарды бірыңғай қабылдау: Ақтау тұрғындары қандай мәселе көтерді?

OTPANNEWS.KZ - Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаштың қатысуымен «Азаматтарды бірыңғай қабылдау» күні өтті. Тұрғындар әкіммен жүздесіп, өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.


Бірыңғай қабылдау күнінің басты мақсаты - тұрғындардың мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру, халық пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайту.


Іс-шараға қаланың барлық саласына жауапты мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, қала әкіміне тікелей сауалдарын жолдады. Мақсат Мұқаш азаматтардың өтініштерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.


«Бүгін көпшіліктің айтып жүрген мәселесімен келдім. Кешкі уақытта қаладан жаман иіс шығып кетеді. Демалу, кешке таза ауада уақыт өткізу мүмкін емес. Жаз мезгілінде иіс үйге сіңіп қалады. Сондықтан терезе ашпауға тура келеді. Экология департаментіне барлық өтініштерімді жеткіздім. Олар байланыс нөмірін қалдырды», - деді қала тұрғыны Ажыгерей Аязбаев.


Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Маңғыстау облыстық филиалының директоры Абылайхан Рахимов тұрғындар медициналық қызмет бойынша тиісті жауап алғанын айтты.


«Жыл сайын әкімдік пен жергілікті атқарушы орган, департамент және арнайы республикалық мекемелер филиалдарының қатысуымен өтетін азаматтарды бірыңғай қабылдау күніне тұрғындар белсенді қатысып жатыр. Жұмыс күнінің соңына дейін олардың сауалдарына жауап береміз. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен әрбір тұрғын жауапты мекемемен жеке сөйлесіп, өтініштерін жолдауда. Бұл іс-шараның басты мақсаты - халыққа есіктің әрдайым ашық екенін білдіру, талап-өтініштерін қабылдап, жеке-жеке талқылау. Оған қоса, тұрғындар арасында орын алып отырған мәселелерді бірге отырып шешу. Медициналық қызметке байланысты түсінбеген сұрақтарға да жауап берудеміз», - деді ол. 


19-шағынауданда орналасқан 29/1 үйдің тұрғыны автобус аялдамасы бойынша қала әкімінің жеке қабылдауында болды. Ол әкімнің мәселені шешуге жұмыстанатынын айтты.


«Былтырғы жылдан бері көтеріп жүрген сұрағым осы автобус аялдамасы еді. Қала әкімі шешілетінін айтты. Сонымен қатар қоқыс жинайтын контейнерден кеткен су үй жаққа ағып, тұрғындар секіріп жүруге мәжбүр болады. Осыны реттеп берсе екен. Аулада үлкен трансформатор алаңы бар. Сырты алау-жалау болып тұр. Кімдікі екенін анықтауын өтініп сұрадым. Оған қоса, 19-25 шағынауданының Қоныс атты тұрғыны жаз бойы 20 түп ағаш егіп, өзі суарды. Алдағы Республика күніне орай оны алғыс хатпен марапаттауын өтіндім», - деді Өтеген Құсайынов.


Айта кетейік, азаматтарды бірыңғай қабылдау күніне 400-ден астам тұрғын қатысты. Қала әкімінің тұрғындармен тікелей кездесуі азаматтардың өтініштерін назарға алып, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.

57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!