Жаңаөзенде «Алтыбақан» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті өтті
Жаңаөзен қаласында ұлттық өнер мен руханиятты дәріптеуге арналған мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауқымды мәдени кеш «Мұнайшы» мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оның аясында ауданның тарихы мен мәдени мұрасын танытатын көрме көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өнімдері қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Іс-шараға Бейнеу ауданы мен Жаңаөзен қаласының басшылығы, мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Кеш барысында «Алтыбақан» ұлттық этнографиялық фольклорлы ән-би ансамблі мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Сахнада қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен насихатталып, «Беташар», «Қыз ұзату», «Тұсау кесер» сынды дәстүрлер театрландырылған түрде көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық ойындар жаңғыртылып, халық әндері, күйлері мен билері орындалды.
Концерт аясында терме-жырлар шырқалып, қазақ эстрадасының әндері орындалды. Сонымен қатар, ақын Сәрсен Қадырдың сөзіне және сазгер Хамит Байқұловтың әніне жазылған «Өлеңім сенсің – Жаңаөзен» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Туындыны бейнеулік өнерпаздар алғаш рет орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.