Маңғыстауда қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл күшейтілуде
Маңғыстау облысы бойынша қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Дархан Темірболат айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, қаржы пирамидалары қазіргі таңда қоғамға елеулі қауіп төндіріп отыр. Олар азаматтарды жоғары табысқа қысқа мерзімде қол жеткізуге болады деген жалған уәделер арқылы алдап, қаражатын күмәнді жобаларға салуға итермелейді.
-Осы бағытта интернет кеңістігіне, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тұрақты мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде қаржы пирамидасының белгілері бар жобалар анықталып, оларға құқықтық баға берілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде төрт қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Атап айтқанда, «Асар Баспана», «Live Good» және «Sax Invest» жобаларының заңсыз әрекеттері әшкереленді, - деді Дархан Темірболат.
Сонымен қатар, департамент тарапынан профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылуда. Халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрғындармен кездесулер, дәрістер мен семинарлар ұйымдастырылып келеді.
Мамандар тұрғындарды күмәнді қаржылық ұсыныстарға сенбеуге және қаржы пирамидасының белгілері байқалған жағдайда уәкілетті органдарға жедел хабарласуға шақырады.