Ақтауда “Құрақ пен шашақ үндестігі” фестивалі өз мәресіне жетті
Ақтауда ұлттық өнер мен құндылықты ұштастырған “Құрақ пен шашақ үндестігі” фестивалінің қорытындысы Әбіш Кекілбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайында өтті. Жеңімпаздар бұйымдарын музейге сыйлық ретінде табыстады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Фестивальге еліміздің әр өңірінен келген қолөнер шеберлері қатысып, қорытынды іс-шарада Ә.Кекілбаев атындағы ұлттық музейге экскурсия жасады. 74 жастағы Ақтау қаласының тұрғыны, шашақ өнері бойынша бас жүлде иегері Бақтылы Ботанаева фестивальдің жоғары деңгейде өткенін айтты.
"Бала кезімнен қолөнерге деген қызығушылығым жоғары болды. Сол уақыттан бері шашақтың түр-түрін жасаймын. Мұражайға келушілер қазақтың ұлттық бұйымдарын көріп, есінде сақтасын деген ниетпен музейге "ағаш үйдегі уықтың аяқ бауы" деп аталатын шашақты табыстадым. Осындай іс-шаралар жиі болса, қазақтың ұлттық коды келешек ұрпаққа боямасыз жетеді деп ойлаймын",- деді шашақ өнері бойынша бас жүлде иегері Бақтылы Ботанаева.
Бұл фестиваль 2018 жылдан бастау алды. Сол уақыттан бері жоба өз жемісін беріп келеді. "Құрақ пен шашақ үндестігі" фестивалінің ұйымдастырушысы Тілектес Болатбаева барша қатысушыларға алғыс білдірді.
"Бұл шара ұлттық рухтың сақталуына бағытталған. Біздің ұлттық дәстүріміз, бұйымдарымыз өте әдемі. Өзіндік мән-мағынасы бар. Ұлттық қолөнерді дамытып, осы бұйымдар арқылы ұлттық код қалдыру - негізгі мақсатымыз. Салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды келешек ұрпаққа түпнұсқада жеткізу біздің міндет деп білеміз",- деді "Құрақ пен шашақ үндестігі" фестивалінің ұйымдастырушысы Тілектес Болатбаева.