Каспий жағалауынан екі жүзге жуық итбалықтың өлексесі табылды
«Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен және Түпқараған ауданының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, Каспий теңізі жағалауын мониторингтеу барысында жағалауға шығып қалған итбалықтардың өлекселерін анықтады, деп хабарлайды otpannews.kz.
17 сәуірде батыстан соққан желдің әсерінен Түпқараған ауданы аумағындағы Каспий теңізі жағалауына 191 итбалықтың өлексесі шығып қалғаны белгілі болды.
«Балықтар мен басқа да су жануарларының жаппай қырылу қаупінің алдын алу, сондай-ақ оның салдарын жою жөніндегі қағидаларға сәйкес жұмыс тобын құру, өлген итбалықтардан сынама алу, өлімнің алдын ала себептерін анықтау және өлекселерді жою жұмыстарын ұйымдастыру үшін оқиға орнына «Каспий итбалығы» РММ, балық шаруашылығы инспекциясы, әкімдік, Түпқараған аудандық ішкі істер бөлімі, экология департаменті, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы, гидробиология және экология институты, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, «Qazaq Balyq» республикалық балық шаруашылығы және аквакультура қауымдастығы өкілдері барды», - деп жазылған балық шаруашылығы комитетінің ресми хабарламасында.
Гидробиология және экология институты мамандарының пікірінше, итбалықтар шамамен бір ай бұрын өлген, алайда олардың өлекселері Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы жағалауына тек қазір батыстан соққан дауылды желдің әсерінен жеткен көрінеді.
Қазіргі уақытта жағалау мониторингі жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда екенін айтылды.