Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Елімізде алғаш рет Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған jukebox мюзикл түсірілді

Гүлмира Аманжолқызы
|
05.09.2025 09:59
Елімізде алғаш рет Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған jukebox мюзикл түсірілді

23 қазанда қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай түсірілген «Бақыт құшағында» мюзикл фильмі көрерменге жол тартпақ, деп хабарлайды otpannews.kz.


Фильм Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына негізделген, онда композитордың 13 әйгілі әні симфониялық оркестр сүйемелімен қайта өңделіп, саундтрек ретінде ұсынылады. Мюзиклдің бас продюсері әрі режиссері – New York Film Academy түлегі Санат Шапашов. Бұл – оның режиссер ретіндегі дебюттік жобасы. Осыған дейін ол үлкен музыкалық тв жобалар арқылы және «Казахи» КВН командасының резиденті ретінде танымал.


Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау білдірді. Жобаның түсірілімі үшін Голливудтан әйгілі кинотуындыларды түсіруге пайдаланған инновациялық кинокамера алдырылған.


Фильм бір айдың ішінде толығымен қазақ тілінде және эпизодтар елорданың әдемі жерлерінде түсірілді. «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклының түсірілім алаңында 230-ға жуық актер бас қосып, ең үлкен массалық көріністер түсірілді. Бұл кадрларда бишілер Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әніне би эпизодтарын орындайды. 


Ұйымдастырушылардың айтуынша, jukebox мюзикл қазақ киносы тарихында көрермен үшін мәдени, ақпараттық танымға жол ашатын көркем туынды. Бұл картина еліміздегі креативті индустрияның дамуына дәлел болатын жаңа белес болмақ. 


Кинолента қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелері, махаббатқа сенім мен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі. Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да таңдалған.


Басты рөлдерде Дәурен Серғазин, 5 жылдық үзілістен кейін үлкен киноға оралған Әлия Әнуарбек, Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясова ойнайды. 


Айта кетейік, jukebox мюзикл - танымал әндерді пайдаланатын сахналық қойылым немесе музыкалық фильм.

50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!