Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ұлттық құрама волейболды отырып ойнаудан әлем кубогында жүлдегер атанды

|
20.10.2025 10:15
Ұлттық құрама волейболды отырып ойнаудан әлем кубогында жүлдегер атанды

Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы әлем кубогында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды otpannews.kz.


9-18 қазан аралығында АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында өткен волейболды отырып ойнаудан Әлем кубогына Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль иеленді.


Қола жүлде үшін өткен кездесуде қазақстандық спортшылар АҚШ құрамасын 3:1 есебімен (25:23, 25:18, 15:25, 25:23) тізе бүктіріп, турнирдің үздік үштігіне енді. Кубоктың жеңімпазы – Мысыр командасы, ал күміс жүлдені Бразилия құрамасы жеңіп алды.


Топтық кезеңде Қазақстан ұлттық құрамасы Италия (3:0), Польша (3:0), Канада (3:0), Франция (3:0), Тайланд (3:0) және АҚШ (3:2) командаларын жеңіп, өз тобынан бірінші орынмен шықты. Жартылай финалда біздің спортшылар Мысыр құрамасынан 0:3 есебімен жеңіліп, қола медаль сарапқа салынған матчта АҚШ құрамасымен қайта кездесіп, сенімді жеңіске жетті.


Айта кететін жайт, ұлттық құраманың жаттықтырушылар құрманында маңғыстаулық Құралбек Сейітов аға бапкерлік міндетті атқарады. 


«Қазақстан құрамасы әлемдік аренада жаңа белестерді бағындыруда. Биыл команда алғаш рет Азия чемпионы атанды, енді міне, Әлем кубогінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл – тек спортшылар мен жаттықтырушылардың емес, бүкіл команданы қолдаған мемлекеттің, серіктестер мен жанкүйерлердің ортақ еңбегі. Спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуіне қолдау көрсеткен Туризм және спорт министрлігіне, “Ситибанк Қазақстан” АҚ, “Самұрық-Қазына” АҚ және Sport Qory-на алғыс білдіремін. Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында ұлттық құрама халықаралық деңгейде тұрақты көшбасшы ретінде танылып, жаңа биіктерге ұмтылуда », – деді ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов.


Айта кетсек, Әлем кубогына 14 ерлер және 6 әйелдер құрама командалары қатысты. Бұл турнир – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңіне маңызды рейтингтік ұпай беретін жарыстардың бірі болып саналады.

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!