Қазақстанда «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» бағдарламасы бойынша грант саны екі есе өсті

Соңғы бес жылда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі архив, кітапхана және кітап ісін дамыту, осы салалардағы кадрлық әлеуетті нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.
Бүгінде республика бойынша ҚР Президентінің Архиві мен төрт арнайы мемлекеттік архивті қоса алғанда, барлығы 236 архив мекемесі жұмыс істейді. Ұлттық архив қорында 74,5 мың қорды қамтитын 27,8 миллионнан астам сақтау бірлігі бар.
Білікті мамандар даярлау мақсатында «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы екі есе өсті – бакалавриат бойынша грант саны 20-дан 100-ге дейін көбейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, архив және кітапхана саласы бойынша кадр даярлауға еліміздің бес өңірінде қосымша 89 грант бөлінді.
Жамбыл облысындағы Қордай және Жамбыл аудандық архивтерінің, Ақтөбе облысындағы Темір аудандық архивінің, сондай-ақ Астанадағы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді.
Мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру мақсатында 2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалды.
Сыйлық «Проза», «Поэзия», «Балалар әдебиеті» және «Драматургия» номинациялары бойынша беріледі. Әр номинация бойынша жүлде қоры – 4,1 миллион теңге. Мемлекет басшысының 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағын қайта енгізу мақсатында 2023 жылғы 16 қазанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл ұлттық әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосқан қаламгерлер еңбегінің ресми бағалануы.
2025 жылғы 23 сәуірде Мемлекет басшысының бастамасымен белгіленген Ұлттық кітап күні алғаш рет аталып өтті. Мереке барысында әдеби үдерісті жандандырып, дарынды авторларды қолдауға бағытталған «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Тарихи жадты сақтау – маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Батырларға тағзым» веб-порталын іске қосты. Онда Ұлы Отан соғысына қатысқан 690 мыңнан астам жауынгер туралы мәліметтер топтастырылған. Олардың қатарында 365 Кеңес Одағының Батыры, екі мәрте батыр атанған төрт жауынгер және Даңқ орденінің 19 иегері бар. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп 6 615 қазақстандық әскери тұтқын жөніндегі деректер енгізілді. Сондай-ақ KAZNEB.KZ платформасында майдангер жазушылардың шығармаларының аудионұсқалары жарияланды.
«Архив – 2025» жобасы аясында 14 елден мыңнан астам бірегей тарихи құжат жиналды. Архив материалдарын сақтау мен бірыңғай электрондық архивтің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр.
Осы жылы ҚР Ұлттық архиві халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытты. Сауд Арабиясы, Ресей, Литва және Түркия елдерінің архив қызметтерімен меморандумдарға қол қойылып, құжаттық мұраны цифрландыру және сақтау бағытындағы бірлескен жобалар жүзеге асырылды.
Тамыз айында Өзбекстанның Бұхара қаласында Қазақстан архивтері күні өтіп, онда «Өзбекстан мен Қазақстанның архивтік құжаттарындағы мәдени ынтымақтастық» бірлескен басылымы таныстырылды. Маусым айында Мәскеу қаласында «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерлігіне арналған құжаттық куәлік» фотоальбомы ұсынылды.
Қазақстан Жазушылар одағы Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің қолдауымен үш ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» білім беру платформасы және ТМД елдерінің архивтерінде қазақстандық авторлардың шығармашылығын зерттеу бойынша ғылыми бағдарлама.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
