Маңғыстаулықтар «Қара бураны» құрметпен қарсы алды

Астанада өткен қазақ күресінің ең ауқымды додасы «Qazaqstan Barysy – 2025» XIV республикалық турнирінің қола белбеу иегері Нұрдәулет Жарылғаповты туған жұрты зор ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Балуан мен жеке бапкері Қайрат Бурбасовты қарсы алуға Қазақ күресі және дзюдо бойынша МО МБЖСМ басшысы Жақсылық Меретжанов, Маңғыстау облыстық ұлттық спорт түрлері орталығы басшының орынбасары Алмаз Елеуов, дзюдодан облыстың бас бапкері Пернехан Тулепов қатысты.
43 балуанның арасында «Қара бура» лақап атымен танымал турнирдің салмағы ең ауыр балуаны атанды. Бұл додада негізгі фавориттердің бірі болған маңғыстаулық балуан алғашқы үш айналымнан сүрінбей өтті. Үшінші белдесуде "Әскер барысы" Әділ Оразбаевты айқын басымдықпен жеңсе, келесі айналымда Ерасыл Қажыбаевқа есе жіберді. Алайда, ақтық сында ақтөбелік Ерасыл Амангелдіден үстем түсіп, қола белбеуге қол жеткізді.
Бұл турнир мен үшін оңай болмады. Дайындық жағы аздау болды, мойындау керек. Бірақ қарсыластар да осал емес. Үшінші орын да жаман нәтиже емес. Алла қаласа, келесі жылы тыңғылықты дайындалып, «Алтын тұяқ» үшін бар күшімді саламын. Қазақ күресінде 33 жасқа дейін белдесемін деген ойым бар. Бізден кейінгі жастар бізді қашан ұтады, сол кезде карьерамды аяқтайтын шығармын, - деді Нұрдәулет Жарылғапов.
Қолдаушылар мен жанкүйерлер жеңімпазды құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Өз кезегінде облыстың қазақ күресінен бас бапкері Мейрамбек Жаңабай өңір спортында өсіп келе жатқан буынның әлеуетіне сенім білдірді.
Облысымызда қазақ күресі жаман деңгейде емес. Осы турнирдің облыстық іріктеуінде көзге түскен жас балуандар бар. Республика біріншілігінде жүлде алып жүрген шәкірттеріміз жеткілікті. Қара бураның жолын жалғайтын жастар өсіп келеді. 3-4 жылдың ішінде олар үлкен үмітті ақтайды деп сенемін, - деді Мейрамбек Жаңабай.
Айта кетейік, Нұрдәулет Жарылғапов қазақ күресінен еліміздің басты додасы «Qazaqstan Barysy» турниріне биыл қатарынан сегізінші рет қатысты. Осы уақыт ішінде балуан бұл бәсекеде екі күміс, екі қола белбеуге ие болып, төрт мәрте жүлдегер атанды.





