Маңғыстаулық колледж студенті республикалық құрылыс сайысына қатысуда
Маңғыстау облысындағы отызға жуық колледж аймақ экономикасы үшін білікті мамандар даярлап келеді. Соның ішінде кәсіби-техникалық бағыттағы оқу орындарының үлесі ерекше. Түпқараған ауданының гуманитарлық-кәсіптік колледжі де осындай білім ордаларының бірі саналады, деп жазады otpannews.kz.
Аталған колледждің үшінші курс студенті Дәуірбек Анарбай қазіргі таңда құрылыс бағыты бойынша өтетін республикалық конкурсқа қатысып жатыр. Ол 2023 жылы білім ошағына қабылданып, бүгінде «Балық өндірісі» мамандығы бойынша білім алуда. Сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, қолөнер мен құрылыс саласында тәжірибесін арттыруда.
«Қазір балаларға арналған үйшікті жасап жатырмыз. Бұл - республикалық конкурстың тапсырмасы. Үйшікті дайындау мен қаптау тәсілдерін өзіміз үйреніп, оны тәжірибе жүзінде іске асырып жатырмыз», - дейді Дәуірбек Анарбай.
Колледж оқытушысы әрі студенттің жетекшісі Жақсыбек Айтбаевтың айтуынша, бұл олардың алғашқы жарысы емес. Бұған дейін де колледж студенттері түрлі кәсіби сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
«Бұл жолы 20 өңірден студенттер бақ сынайды. Барлығына бірдей құрылысқа қатысты тапсырмалар беріледі. Жасалған жұмыстар бағаланып, үздіктер анықталады. Былтыр біздің студент республика бойынша төртінші орын алған болатын. Ол кезде кафель жабыстыру бойынша сынға түскен едік», - дейді жетекші.
Биыл колледж ұжымы гипсокартонмен жұмыс істеу және құрғақ құрылыс технологиясы бойынша ауқымды сайысқа қатысып отыр. Мұндай жарыстар студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдап, еңбек нарығына дайын маман ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді.
Жетекшісінің айтуынша, Дәуірбектің талпынысы ерекше.
«Ол жаңа істі тез меңгереді, қолынан бәрі келеді. Осындай ізденіс пен ынтаның арқасында ертеңгі күні білікті маман атанарына сенеміз», - дейді Жақсыбек Айтбаев.
Бұл мысал Маңғыстаудағы колледждерде тек теория емес, нақты практикалық білім мен шеберлікке басымдық беріліп жатқанын көрсетеді.