Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Түркияның дәрігерлері ақтаулықтарға тегін медициналық кеңес береді

Түркияның дәрігерлері ақтаулықтарға тегін медициналық кеңес береді

Түркияның дәрігерлері Ақтау қаласының тұрғындарына тегін медициналық кеңес береді. Бұл туралы Ақтау әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақов пен Түркия мемлекетінің жетекші медициналық ұйым өкілдерімен өткен кездесуде айтылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жиынға Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров, Түркияның «MLP Care» және «UMC Medical @ Mediast Medical Travel» медициналық ұйымдарының басшылары Умит Жам мен Мехмет Шахин қатысты.


Тараптар бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыру, қазақстандық және түркиялық дәрігерлер арасында онлайн консультациялар ұйымдастыру, клиникалық тәжірибе алмасудың нақты механизмдерін енгізу және Ақтау қаласындағы медициналық мекемелердің әлеуетін арттыру бағыттарын қамтитын ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Қысқа мерзімді жоспарлар қатарында байланыс тұлғаларын бекіту және мамандар арасындағы тәжірибе алмасуды жүйелі түрде жолға қою көзделсе, ұзақ мерзімді перспективада — медициналық мекемелердің инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай жетілдіру мәселелері қарастырылды.


Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов екі ел арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жаңа бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізді.


Қазақстан мен Түркия — ежелден бауырлас елдер. Жуырда ғана Анкара қаласына жасаған сапарымызда сіздердің кішіпейілдігіңіз бен қонақжайлылығыңызға тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бүгінгі бастама – медициналық әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашары сөзсіз. Ақтаудың ақ халатты абзал жандарымен тәжірибе бөлісіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімдемін, — деді қала әкімі. 


Өз кезегінде «MLP Care» компаниясының жетекшісі Мехмет Шахин Ақтауға алғаш рет келгенін айтып, қала халқы мен медицина саласындағы әріптестермен ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді.


Ақтауға алғаш аяқ басып тұрмын. Бұл жер өз мәдениеті мен дәстүрін берік ұстанатын ерекше қала екен. Түркиядағыдай жылы қабылдауға ризашылығымды білдіремін. Біздің мақсат — жинаған тәжірибеміз бен білімімізді қазақстандық әріптестерімізбен бөлісу, — деді Мехмет Шахин.


Сондай-ақ кездесуде Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы және Түркияның «MLP Care» және «UMC Medical @ Mediast Medical Travel» компаниялары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат медициналық туризмді дамыту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және халықаралық стандарттарға сай медициналық қызмет көрсетуді жолға қоюға бағытталды.


Айта кетейік, «MLP Care Group» — Түркиядағы ең ірі жеке медициналық холдингтің бірі. Оның құрамына «Medical Park», «Liv Hospital» және «VM Medical Park» сынды танымал брендтер кіреді. Холдингке қарасты 37 ауруханада 22 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Сонымен қатар, 7 мың төсек орны мен 300-ден астам ота жасау бөлмесі бар.


Ал «UMC Medical @ Mediast Medical Travel» орталығы онкология, трансплантология, гематология, нейрохирургия және ортопедия салаларында қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін 5 500-ден астам қазақстандық науқас осы орталықтан медициналық көмек алды.

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!