«Әскери баспана» бағдарламасы қайта жандануы мүмкін

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова кездесу өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесуде әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету және «Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын қайта іске қосу мәселелері талқыланды.
Министр Дәурен Қосанов «Баспана.кз» сайтында жарияланған жаңа талаптарға назар аударып, олардың жалдамалы пәтер рәсімдеу барысында әскери қызметшілерге қосымша қиындық туғызып отырғанын айтты.
Басты назарда – «Әскери баспана» бағдарламасын қайта бастау мәселесі болды. Министр алғашқы жарнаны азайту және несие мөлшерлемесін төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиеге нақты қолжетімділіктің болуы өте маңызды. Қазіргі жағдайда ондай мүмкіндік жоқ, ал баспана бағасының өсуі алғашқы жарнаны жинауды іс жүзінде мүмкін емес етіп отыр», – деді министр.
Дәурен Қосановтың айтуынша, бүгінге дейін 15 мыңнан астам әскери отбасы тұрғын үй төлемдері мен ипотекалық бағдарламалардың арқасында өз баспаналарын алған. Олардың қатарында «Әскери баспана» бағдарламасы да бар.
Сондай-ақ министр бұрынғыдай екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігін қайтаруды ұсынды. Оның айтуынша, көптеген әскери қызметшілер жөндеуден өткен, қызмет орнына жақын орналасқан, инфрақұрылымы дамыған үйлерді таңдауға бейім.
Кездесу соңында тараптар әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселелерін шешу бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
