Маңғыстауда Жайдарманның «Жоғары лига» жартылай финалы өтті

Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған облыстық ашық чемпионаттың «Жоғары лига» жартылай финалдық кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл кезеңде командалар дәстүрлі «Сәлемдесу» және «Жұлдызды көрініс» сайыстары бойынша бақ сынады. Әр команда өздерінің тапқырлығын, сахна мәдениетін және көрерменмен байланыс орната білу шеберлігін көрсетті.
Қатысушылардың өнерін жайдарман ардагерлері Дәулет Сағынтаев, Нұрлыбай Жұмағалиев, Нұртай Қоңыратбаев, Бауыржан Базарбай, сондай-ақ «Маңғыстау аруы – 2025» байқауының жеңімпазы Еңлік Көпжүрсінова мен кәсіпкер Эльмира Абатова бағалады.
Қазылар шешімімен финалдық кезеңге жолдама алған үш үздік команда анықталды. Атап айтқанда, өз ойынымен ерекшеленген – «Календарь» командасы, салмақты әзіл мен тәлім-тәрбие үндестігін көрсете білген – «Ұстаздар құрамасы», ал «Татьяна» командасы еркін форматтағы креативті ойындарымен көзге түсті.
Алдағы уақытта шешуші финалдық кезең өтеді. Финалда қатысушылар ерекше әзіл, тапқыр ой және сахналық мәдениет арқылы өз шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдемек.





