Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Иран қазақтарының алғашқы легінің атажұртқа оралғанына 30 жыл толды

Иран қазақтарының алғашқы легінің атажұртқа оралғанына 30 жыл толды

Ақтау қаласында Иран Ислам Республикасынан Қазақстанға қоныс аударған қандастардың алғашқы легінің елге келгеніне 30 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Бұл тарихи сәтке арналған шара «Атажұртқа оралған 30 жыл: тағдыр мен тәуелсіздік сабақтастығы» тақырыбымен Маңғыстау облыстық Достық үйінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жиын барысында Иран қазақтарының атажұртқа қайтып оралған тағдырлы кезеңі мен Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа өмірінің баяны сөз болды. Шара шымылдығын белгілі журналист, Ираннан көшіп келген қандас Голрох Жеменейдің әсерлі монологы ашты. Ол Ирандағы қазақ диаспорасының тарихына тоқталып, елге оралған күндерді еске алды.


«Біз – ана сүті бойымызға, туған жердің рухы сүйегімізге сіңген ұрпақпыз. Жат жұрттың топырағына сүйегімізді қимадық. Бүгінде ата-бабамыз аңсаған азат елде өсіп-өніп, қазақ елінің дамуына қал-қадірімізше еңбек етіп келеміз», – деді ол.


Голрох Жеменей қазіргі көші-қон процесінде Иран қазақтарының атажұртқа оралуына кейбір әкімшілік кедергілер кедергі болып отырғанын айтты.


Салтанатты жиынды ашқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев жиналған қауымды мерейлі датамен құттықтап, Тәуелсіздік жылдарында елге келген қандастардың ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.


Сонымен қатар, Иранның Ақтаудағы Бас консулының орынбасары Рухулла Фәтән сөз алып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың артып келе жатқанын жеткізді.


Жиында көші-қонның алғашқы кезеңдеріне куә болған ардагерлер мен белсенділер өз естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі – Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.


Жиын барысында Ираннан көшіп келген, шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан қоғам белсендісі Закария Табынай сөз сөйлеп, қандастар тағдыры туралы айтты.


«Біз – ата-бабамыздың аманатын арқалаған, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор, үмітті ұрпақпыз. Қазақтың бірлігі – мәңгі жасасын!», - деді Закария Табынай.


Шара соңында ҚР Парламенті Сенатының ұйымдастыру-бақылау бөлімі сектор меңгерушісі Хабиболла Моллақанағатұлы жиынға атсалысқан ұйымдастырушылар мен белсенді азаматтарға алғыс хаттар табыс етті.

45
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!