Уақыт сүзгісінен өткен стратегиялық шешім
Бүгінгі ауқымды саяси өзгерістердің түп негізі Парламенттік реформадан бастау алды. Ел Президентінің биліктің заң шығару жүйесін қайта құрылымдау туралы ұсынысы конституциялық реформаға ұласты. Яғни конституциялық реформалар бастапқыда парламенттік жүйені жетілдіру аясында қарастырылғанымен, қоғамнан түскен ұсыныстардың ауқымына байланысты кеңейтілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен белсенді азаматтар, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері өз талап-тілегі мен пікір-ұсыныстарын жолдады. Азаматтар Парламентті трансформациялау үдерісіне аса қызығушылық танытты. «Amanat» партиясы осы жұмыстың бел ортасында жүріп, жаңа Ата заңның жобасына қатысты келелі ұсыныстарын білдірді. Жалпы Конституцияның жаңа жобасын жасақтау бойынша бастамалардың бәрі адамға бағдарланған мемлекет моделіне көшуді заң жүзінде бекітуді көздейді. Жаңа Конституция – заман талабы. Себебі тәуелсіздіктен кейінгі уақыт аралығында қоғам санасы жаңарып, азаматтардың мемлекеттік институттарға қоятын талабы күшейді. Сондықтан жаңа Конституция ішкі тұрақтылық пен сыртқы саяси бағдардың басты тетігіне айналады. Ал өзгешелігі Ата заң мәтінінің 84 пайыздан астамына өзгерістер енгізді және Парламентті «Құрылтай» деп атау ұсынысы берілді.
Парламентті «Құрылтай» деп атаудың астарында идеологиялық саясат жатыр. «Құрылтай» атауы қазақ жерінде мың жыл бұрын мемлекеттің негізі қаланғанын, халық құрылтайлары дала демократиясының институты ретінде маңызды рөл атқарғанын айқындайды. Алайда іс тек атауды алмастырумен шектелмейді. Құрылтай құрылымын жасақтауға ерекше мән беріледі. Құрылтайды партиялық тізім бойынша қалыптастыру арқылы депутаттардың өз өкілеттіктерін сапалы орындауына, халық алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне және сайлаушылар сенімін ақтауына тың серпін береді. Партиялардың ішкі іріктеуінен өткен үздік үміткерлер саяси додаға түсіп, Құрылтайдағы орындар үшін таласады. Жаңа жүйе саяси бәсекені арттырып қана қоймай, партияларды сайлауаралық кезеңде де белсенді жұмыс істеуін талап етеді. Нәтижесінде Құрылтай қоғамдағы нақты сұраныстар мен көзқарастар тоғысатын басты саяси алаңға айналады.
Жаңа Ата заң жобасына сәйкес Құрылтай депутаттарының өкілеттіліктері артады. Мәселен, Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Сол секілді бірқатар құзырет берілген.
Жаңа Конституция жобасында Президент өкілеттілігі бір рет қана, жеті жылдық мерзіммен бекітіліп, уақытша өкілетті тұлғаның қайта сайлану құқығы алынып тасталған.Сондай-ақ Президенттің туыстарына лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынды. Жоғарыда атап өткенімдей, жаңа Конституция мазмұнына сәйкес президенттің маңызды кадрлық тағайындаулары тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асады. Мәселен, Қазақстан Республикасының вице-президентін, премьер-министрін, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғарғы аудит палатасының 8 мүшесін тағайындау – Құрылтай келісімімен жүзеге асады. Президент қандай жағдайда Құрылтайды тарата алады? Осы сауал төңірегінде қоғамда пікірталас көп. Жаңа Конституция жобасында «Президентке Құрылтай екі рет аталған лауазымдарды тағайындауға келісім беруден бас тартқан жағдайда оны тарата алады» делінген. Алайда біз бұл норманың түпкі мақсатын дұрыс түсінуіміз керек. Бұл Құрылтайдағы партия фракцияларының ымырамен және жауапкершілікпен әрекет етуіне ынталандырады.
Жаңа Ата заңның жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берілген. Әсіресе өмірде не цирфлық ортада жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеу нормасы бекітілді. Жаңа Конституция жобасында «Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы» деп нақты көрсетілген. Сондай-ақ неке және отбасы мемлекеттің ең жоғары құндылығы болып бекітіліп, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеудің мән-маңызы нақтыланды. Мемлекет бір жынысты некені мойындамайды. Бұл шешім осы күнге дейін қоғамды даурықтырған мәселеге нүкте қойды.
Осы тұста атап өтер жайт, жаңа Конституцияның жобасында қоғамда қордаланған әлеуметтік-тұрмыстык мәселелер көрініс тапқан. «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтарға көмек көрсетіп, өткір әлеуметтік, құқықтық мәселелерді шешу бойынша жұмысын жалғастырады. Бүгінде партияда әлеуметтік салаға бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында ерекше қажеттілігі бар жандарға тең мүмкіндік пен қолайлы орта жасау мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасы бастау алды. «Ардагерлерді ардақтайық» атты партиялық жоба аясында зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында азаматтар қаржылық сауат, бюджетті жоспарлау негіздеріне үйреніп, қарыз жүктемелерін жеңілдету жолдарын меңгерді. Партия алдағы уақытта халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыра береді.
Нұрбек ҚАРАСАЕВ,
«Amanat» партиясының
Маңғыстау облыстық филиалының
төрағасы