Берік АХМЕТОВ: Ата заң – интеллектуалды ұлттың қалыптасуы мен қауіпсіздігінің берік іргетасы
Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің ең басты құқықтық құжаты, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің берік кепілі. Ата заң – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап қана қоймай, мемлекеттік билік тармақтарының қызметін айқындайтын, қоғамдық келісім мен заң үстемдігінің құқықтық негізін қалыптастыратын стратегиялық құжат.
Бірінші шілдеден бастап жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі ел өміріндегі маңызды тарихи белеске айналды. Осы сәттен бастап мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаттарға негізделіп, елдің саяси, экономикалық және қоғамдық дамуына тың серпін беретін реформалар кезеңі басталады. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – заман талабына сай тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың жаңа тетіктерін орнықтыру.
Жоғары оқу орнының басшысы әрі ұстаз ретінде бұл реформалардың, ең алдымен, елдің болашағына, әсіресе жас ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыми ізденісіне және кәсіби қалыптасуына тікелей ықпал ететінін ерекше сезінемін.
Бүгінде әлем жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Жасанды интеллект, цифрлық экономика және деректерге негізделген басқару жүйелері мемлекеттердің даму қарқынын айқындайтын негізгі факторларға айналды.
Осындай жағдайда XXI ғасырдың басты байлығы – ақпарат, ал оны қорғау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан жаңа Конституцияда цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғауға, киберқауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың цифрлық құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуы – уақыт талабынан туындаған заңды шешім.
ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
Қазіргі қоғамда жасанды интеллект пен цифрлық жүйелердің қарқынды дамуы экономиканы, білім беруді, мемлекеттік басқаруды және күнделікті өмір салтын түбегейлі өзгертіп, жаппай трансформацияны жеделдетуде. Дегенмен бұл үдерістер жаңа мүмкіндіктермен қатар, кибершабуылдар, фишинг және дербес мәліметтердің заңсыз таралуы сияқты елеулі қауіптерді де ала келді. Ғаламтор кеңістігінің шексіз кеңеюі жағдайында азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі стратегиялық деңгейге көтеріліп, әрбір қолданушыдан жоғары цифрлық сауаттылық пен қорғаныс мәдениетін талап етуде.
Ақпараттық жүйелердің күрделенуі мен өңделетін деректер көлемінің еселеп артуы цифрлық инфрақұрылымды ішкі және сыртқы қауіптерден қорғау тетіктерін үздіксіз жетілдіруді міндеттейді. Сондықтан киберқауіптерге қарсы іс-қимыл жүйесін дамыту мен цифрлық кеңістіктің тұрақтылығын қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. Ол тек технологиялық құралдарды ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі кешенді басқарушылық және құқықтық реттеу шараларын қамтиды.
Осы орайда жаңа конституциялық өзгерістер цифрлық ортадағы қатынастарды реттеудің берік құқықтық негізін қалады. Дербес деректерді қорғау құқығы Ата заң деңгейінде шегенделіп, азаматтардың жеке мәліметтерін заңсыз жинауға, өңдеуге және таратуға қатаң тыйым салынды. Бұл норма виртуалды кеңістіктегі жеке өмірге қолсұқпаушылықты қамтамасыз ете отырып, азаматтардың банк операцияларының, қаржылық ақпараттары мен хат-хабар алмасуының толық құпиялылығына кепілдік береді.
Бұл құқықтық кепілдіктер жоғары оқу орындарының алдына да жаңа міндеттер жүктейді. Ата заңда бекітілген осы нормалар аясында университеттер тек кәсіби маман ғана емес, цифрлық ортада өз құқығын қорғай алатын, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін терең меңгерген жаңа буынды қалыптастыруы тиіс. Заман талабына сай білім беру бағдарламаларына цифрлық гигиена мен киберқауіпсіздік негіздерін енгізу, студенттердің бойында жасанды интеллектімен этикалық әрі қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын дамыту – интеллектуалды ұлт қалыптастырудың басты кепіліне айналмақ.
Осы тұрғыдан алғанда, аталған құқықтық өзгерістерді академиялық қауымдастықтың жауапкершілігін арттыратын маңызды бағдар ретінде қабылдаймын. Адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемдігін сақтау, әділдік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру университеттің білім беру және тәрбие жұмысының негізгі қағидаттарының бірі болуы тиіс. Осындай кешенді құқықтық негіздер мен заманауи білім беру үдерісі мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенімді нығайтып, елдің тұрақты дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты болып қала бермек.
Университетімізде ғылым мен білімнің өзара байланысын күшейту, жас зерттеушілерді қолдау, қоғам мен елдің нақты сұраныстарына жауап беретін ғылыми жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар осы құндылықтармен толық сабақтасып келеді. Біз алдағы уақытта да зерттеулерімізді цифрлық трансформация, әлеуметтік жауапкершілік және инновациялық даму бағыттарымен ұштастыра отырып жалғастырамыз.
ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖАҢА ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗІ
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы тек ақпараттық қауіпсіздікке ғана емес, ел экономикасының құрылымына да түбегейлі өзгеріс әкеліп отыр. Бүгінде әлемдік бәсекелестік табиғи ресурстардың көлемімен емес, ғылымның деңгейімен, инновациялық әлеуетпен және адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Сондықтан жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация құндылықтарының ерекше айқындалуы – еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясының құқықтық негізі.
Президент өз сөзінде Қазақстан экономикасын жаңа сапалы модельге көшірудің стратегиялық маңызын атап өтті. Экономиканың шикізаттық бағыттан өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық өндірістерге бет бұруы – уақыт талабы. Мұндай өзгерістердің табысты жүзеге асуы ғылымның, инновацияның және жоғары білімнің нақты өндіріспен тығыз ықпалдасуына байланысты.
Жоғары оқу орнының басшысы ретінде бұл бағыттың жүзеге асуында университеттердің рөлі бұрынғыдан да арта түсетініне сенімдімін. Қазіргі университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, жаңа технологиялар әзірлейтін, ғылыми зерттеулер жүргізетін және экономиканың нақты секторына инновациялық шешімдер ұсынатын интеллектуалдық орталықтарға айналуы тиіс. Мемлекет басшысының ғылымды өндіріспен ұштастыру жөніндегі бастамалары осы міндеттердің аясын кеңейтіп отыр.
Ғалымдардың қолданбалы зерттеулері, инженерлік әзірлемелері мен инновациялық жобалары жаңа өндірістердің тиімділігін арттырып қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтуға, ұлттық технологиялық әлеуетті нығайтуға және отандық өнімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етуі қажет. Бұл – жоғары технологиялық жұмыс орындарын құрудың, экономиканы әртараптандырудың және тұрақты өсудің басты алғышарттарының бірі.
Осы стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының заманауи инновациялық экожүйе қалыптастыруы ерекше маңызға ие. Есенов университеті бұл бағыттағы міндеттерді жүйелі түрде іске асырып келеді. Соның айқын көріністерінің бірі – университеттің Массачусетс технологиялық институты (MIT) бастамасымен құрылған және әлемдік Fab Lab зертханалары желісіне негізделген цифрлық өндіріске бағытталған халықаралық бағдарламаның ресми мәртебесіне ие болуы.
Бұл жетістік цифрлық өндіріс, жедел прототиптеу және инженерлік әзірлемелер саласында халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлауға жаңа мүмкіндік ашты. Университет базасындағы Fab Lab зертханасында білім алушылар өндірістің нақты сұранысына бейімделген цифрлық шешімдер әзірлеп, жобаны идеядан бастап прототипке, одан дайын өнімге дейін жеткізу тәжірибесін меңгеруде. Мұндай орта білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, өңірдің инновациялық әлеуетін арттыруға және жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті инженерлік кадрлар даярлауға берік негіз қалыптастырады. Сонымен қатар цифрлық трансформация жағдайында білім беру үдерісінің мазмұны да жаңа талаптарға бейімделуі қажет. Осы бағытта Есенов университетіндегі «AI School Edu01» жобасы – жасанды интеллектіге негізделген жаңа буын білім беру моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында 90 білім алушы заманауи IT құзыреттерді меңгеріп, цифрлық жобаларды әзірлеу мен практикалық міндеттерді шешу бағытында білім алуда. Бұл модель білім алушыны тек дайын білімді қабылдаушы ретінде емес, нақты жобаларды жүзеге асыру арқылы кәсіби тәжірибе жинақтайтын белсенді қатысушы ретінде қалыптастырады.
«AI School Edu01» жобасында қолданылатын Peer-to-peer қағидатына негізделген оқыту тәсілі студенттердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына, бірлесіп цифрлық жобалар әзірлеуіне және күрделі техникалық міндеттерді командалық түрде шешу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, түлектер тек теориялық біліммен шектелмей, нақты индустриялық ортаға бейімделген практикалық құзыреттермен еңбек нарығына шығады.
Мұндай бастамалар жоғары білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, ғылым, инновация және өндірісті біртұтас экожүйе ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Университеттердің осындай тәжірибесі Мемлекет басшысы айқындаған ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыру, жоғары технологиялық өндірісті дамыту және интеллектуалды ұлт қалыптастыру міндеттерін нақты жүзеге асыруға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияның кіріспесінде «мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып» деген қағиданың бекітілуі ерекше мәнге ие. Бұл – мемлекеттің даму бағдарының интеллектуалдық әлеуетке, ғылыми ізденіске және технологиялық жаңғыруға негізделетінін айқындайтын стратегиялық ұстаным. Ата заң деңгейінде мұндай құндылықтардың бекітілуі білім мен ғылымды қоғамдық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналдыруға бағытталған.
Бұл жаңа құқықтық бағдар жоғары оқу орындарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Университеттердің негізгі миссиясы – бәсекеге қабілетті маман даярлаумен қатар, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, инновациялық экожүйені қалыптастыру және жас ғалымдардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау. Әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейту, халықаралық зерттеу жобаларына қатысу және заманауи зертханаларды дамыту – осы міндеттердің ажырамас бөлігі.
Сонымен бірге, үздіксіз әрі сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру – жаңа экономиканың берік іргетасы. Халықаралық стандарттарға сәйкес білім беру, цифрлық құзыреттерді дамыту, сыни ойлайтын, заңды құрметтейтін және қоғамдық жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу жоғары білім беру жүйесінің басты басымдықтарының бірі болуы тиіс.
Ұлы Даланың мыңжылдық рухани мұрасын сақтай отырып, білім, ғылым және инновацияны мемлекеттік дамудың негізгі құндылықтарына айналдыру – Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтудың, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және келешек ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етудің сенімді жолы.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға ғана емес, еліміздің ұзақ мерзімді дамуына бағыт-бағдар беретін стратегиялық құжат. Онда заң үстемдігімен қатар білім, ғылым, инновация, цифрлық қауіпсіздік және адам капиталы сияқты болашақтың негізгі құндылықтары айқын көрініс тапқан. Президент атап өткендей, «елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс». Сондықтан бұл реформалардың табысты жүзеге асуы әрбір азаматтың құқықтық санасына, жауапкершілігіне және ортақ іске қосатын үлесіне тікелей байланысты. Жоғары оқу орындарының міндеті – осы өзгерістердің белсенді қатысушысы болатын, терең білімді, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін әрі жаһандық бәсекеге қабілетті жаңа буынды тәрбиелеу. Келешек ұрпақ алдындағы зор жауапкершілікті сезіне отырып, Ата заңды қастерлеу – елді құрметтеу, мемлекеттің болашағына адал қызмет ету және ортақ құндылықтар төңірегінде топтасу деген сөз. Ата заңымыздың мәртебесі әрдайым биік болып, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанның орнықты дамуына, ғылым мен білімнің өркендеуіне және жас ұрпақтың жарқын болашағына қызмет ете берсін.
Берік АХМЕТОВ,
Ш.Есенов атындағы
Каспий технология және инжиниринг университетінің
ректоры